Абай облысында 65 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысына ұлттық қордан 14 миллиард теңге бөлінген. Бірақ қыруар қаржы жұмсалған ғимараттардың тең жартысы қайта жөнделіп жатыр. Мәселен, облыс орталығынан 500 шақырым жердегі Айнабастау ауылында медициналық пункт қыс ішінде салынғандықтан, инженерлік желілері істен шығып, едені езіліп кеткен.
Айнабастау - Ақсуат ауданындағы Қытаймен шекарада орналасқан ең шалғай елді мекен. Бұл ауыл да медициналық пункт салынатын тізімге еніп, құрылыс басталған. Бірақ сапасы сын көтермей әлі пайдалануға берілген жоқ. Енді мердігер қайта жөндеп жатыр. Құрылысқа жауапты мердігерден себебін сұрадық.
ҒАЛЫМТАЙ НАЙЗАБЕКОВ - МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ БАСШЫСЫ
«Сентярьдің екінші жартысында републикалық ақша келді. Декабрьде өткізуіміз керек болған бұл жерді. Біздің қолымызда октябрь, ноябрь, декабрь ғана. Сондықтан, әрлеу жұмыстарында суықта сыр береді».
Құрылыс басқармасы да сапасыз атқарылған жұмыс қаржының кештеу келгенімен байланыстырады.
ШЫҢҒЫС РИАХАНОВ - ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Республикалық бюджеттен қаржыландыру жағынан үлкен мәселелер болды. Сондықтан, екінші траншы солай кешігіп берілді. Ақауларды жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін біз толығымен аудандық ауруханалардың теңгеріміне аударып береміз».
Құрылысы жеделдетіп жүргізілген медициналық пункт орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Фельдшер суды шелектеп тасып жүр. 5 үй ғана тұратын шағын ауыл үшін үлкен ғимаратты салудың өзі мақсатсыз жұмсалған ақша дейді, ол.
ДӘМЕШ ОМАРБАЕВА - ФЕЛЬДШЕР
«Халқы көп жерге салған дұрыс еді деп өзім ойлаймын. Шекаралық аймақ болса да, есепсіз салынған. Енді май айынан бері әлі салынып жатыр. Құлап жатыр, қайта салып жатыр. Құлап жатыр қайта жөндеп жатыр. Есепсіз кеткен ақша».
Бұл облыста ауылдық жерде салынған 62 нысанның бірі. Ғимараттардың кейбіріне инженерлік желілер тартылмаған. Ауылдарда орталық су жүйесінің жоқтығы немесе оның істен шыққаны ескерілмеген. 30 ғимарат кепілдік негізінде қазір қайта жөнделіп жатыр.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ