Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Абай облысында 10-сәуір мен 6-мамыр аралығында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы өтті. Облыстық ішкі істер департаментінің мамандары тіркелген құқық бұзушылықтар жайында өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте тарқатып айтты.

Көше кезген жеткіншек қылмасқа үйір. Алдын алу жұмыстарында полиция қараусыз, қадағалаусыз жүретіндерге мән берді. Білім беру мекемелеріндегі құқықбұзушылықтың алдын алу жайы да назардан тыс қалмады. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер арасында алкогольдік ішімдіктер ішу фактілері де жиі кездеседі.


ЕРНАР БАЗАРОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Іс-шараның 13 күнінде 425 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша 35 заңды өкілге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарына болуына жол берген 8 ойын-сауық мекемесі Әкімшілік кодекстің 132-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік кодекстің 200-бабының, яғни алкоголь өнімін кәмелетке толмағандарға сатудың 5 фактісі және осы кәмелетке толмағандардың ішімдіктерді ішуінің 11 фактісі анықталды.

Кәмелетке толмағандар қоғамдық орындарды ластаған 11 факті анықталды. 350 жасөспірім полиция бөліміне жеткізіліп, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына 28 бала орналастырылды. 2007-жылы туған жасөпірімнен суық қару тәркіленді.


Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Құқықбұзушылық кодексінің 287-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


ЕРНАР БАЗАРОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Ішкі істер органдарына 6 кәмелетке толмаған және оларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 11 заңды өкіл есепке алынды. Жалпы, білім беретін мектептер жанындағы инфрақұрылымдық кемшіліктер бойынша 23 ұйғарым шығарылып, жергілікті атқарушы органдарға жолданды.


«Жасөспірім» жедел алдын алу шарасының басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтарға жол бермеу.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ