Алаяқтардың арбауына жастар оңай түседі. Әккі қулар өздерінің қаржылық қылмыстарына жеңіл жолмен пайда тапқысы келетіндерді ойыншық етеді. Бұның соңы әрине түрлі құқықтық жауапкершілікке әкеліп соғады. Оқу жылының аяқталысымен Абай облысындағы жоғары оқу орындарында студенттердің қаржылық сауаттылықтарын арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Сарапшылардың сөзіне қарағанда қаржы пирамидаларына ену мен әлемжелі арқылы алаяқтыққа әуестену студенттер үшін қауіпті бола бастады. Абай облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті тергеу басқармасының жетекшісі Медет Орынбасаров қаржылық қиындыққа тап болған немесе тым сенгіш студенттер тобы алаяқтардың оңай олжасына айналатындығын айтып отыр.


МЕДЕТ ОРЫНБАСАРОВ –ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Ата-анасына тәуелді студенттер әлеуметтік желілердегі жарнамаларға жиі алданады. Өздігінен ақша табамын деп оған салым салады. Алайда олар оның артында опық жеу тұрғанын біле бермейді. Үлкен табыс табамын деп, алданып қалады.
Дроппер термині – көпшілікке бейтаныс. Алайда дропперлер дегеніміз қылмыскерлерге білместіктен немесе өз еркімен көмектесуші адамдар. Міне, жастар осылардың қатарына қосылып, қылмыстық желінің бір бөлшегі болып шыға келеді. Осы мәселенің түйінін тарқату үшін департамент қызметкерлері жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, қаржылық алаяқтықтың ақыры жақсылық әкелмейтінін түсіндіруде. Әсіресе, әлеуметтік желіге жеке бастың мәліметтерін орналастыруда абай болуға шақырады.


БІРЖАН АБДРЕЕВ - БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘКІМШІЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Оңай ақша негізі болмайды, көп жағдайда студенттер біздің ауыр жұмыс істегісі келмейді, оңай ақша тапқысы келеді, яғни курьер, онлайн жұмыс деген сияқты. Көп жерде жарнамалар көп болуына байланысты, олар сол жерлерде студенттер заявка жібереді. Бірақ жұмыс берушілердің лицензиялары жоқ. Лицензиясы болмауына байланысты олар жұмыс орындарын ұсынады, ал жұмыс орны карточкасын сұрайды, яғни кредит алып беруді сұрайды. Бұл алаяқтық жолдармен ақша шығару сияқты заңсыз әрекеттермен байланысты.
Студенттер өз кезегінде дропперліктің жастар арасында кең таралып келе жатқанын айтып, құзырлы органдар тарапынан ұйымдастырылған дәрістерінің пайдалы екенін айтады. Алаяқтардың құрбаны болғандар аз емес.


МИРАС ЕДІЛБЕКОВ –SHAKARIM UNIVERSITY СТУДЕНТІ
Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара дроппинг туралы, мен толықтай келісемін. Дропинг деген нәрсе өте көп қаптап кетті, ойым әрине жаман, одан тек жамандық келеді, пайдасын көрмедім, өз ойым. Және одан аулақ жүруді сұраймын.


Арнайы жастардың, жалпы арнайы бір қаржылық сауаттылығын дамыту мақсатында бүгінгі сотрудниктер келіп, бізге дәріс оқып жатыр. Жалпы дропперлер алаяқтардың басты механизмдерінің бірі болып табылады. Олар арнайы карталар арқылы, қолма қол ақшаны шығару мақсатында орындалатын адамдар болып табылады және бүгінгі дәріс барысында түсіндіріп отыр.

Экономикалық тергеу департаменті алаяқтарға қарсы күресті жалғастыруда. Ал студенттер арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған шаралар болашақта жаңа қылмыстардың алдын алуға көмектесетініне сенімді. Сонымен қатар, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі жақын арада студенттер үшін қаржылық сауаттылық бойынша олимпиада ұйымдастырады. Іс-шараға бүкіл ел бойынша жүздеген студент қатысады. Ал жеңімпаздар Красноярск қаласындағы Халықаралық олимпиадаға барады. Осы іс-шаралар аясында жастарға қаржылық қауіпсіздіктің негіздерін түсінуге көмектесетін онлайн-тесттер өткізіледі