ӘУЕЖАЙДА ӘСКЕРИ ӘУЕН

Әуежайда әскери әуен. Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында Семей қаласының халықаралық әуежайында ерекше көңіл күй сезілді. Ұлттық Ұлан оркестрі жолаушыларды патриоттық әуенмен қарсы алды. Таң атқалы әуежайдың жолаушы залдарында «Жеңіс күн», «Катюша», сияқты танымал майдан әндері және заманауи патриоттық композициялар шырқалды. Әртістер рөлінде — 5511 әскери бөлімінің әскери оркестрі, «Жасұлан» лицейінің шәкірттері және Семей станциясы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері. Мерекелік атмосфера ерекше. 200-ге жуық жолаушы музыканың сүйемелдеуімен сапарға аттанды. Телефондарына түсіріп, орындаушыларға қошемет көрсетті. Жүрекке жылы патриоттық әндер рухты асқақтата түсті. Естіген жанды енжар қылмай, жігерді қайрайтын, соғыс даласында да жауынгерлердің намысын жанған осындай әндер. Әуежайдағы мереке мәдени оқиға ғана емес, ата-бабаларымыздың батырлығын, отанға, ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілігін тағы бір мәрте еске салған, рухты көтерген әсерлі де әдемі патриоттық бағдарлама болды.