Семейде экономика мен өндірістің бірнеше саласы бойынша 8-11 сынып оқушылары арасында «Jasskills Abay - 2025» алғашқы ашық облыстық чемпионат өтті. Оқушылар көлік және логистика, қызмет көрсету саласы, құрылыс, IT, медициналық қызмет көрсету бойынша білім сайысына түсті.

Облыстық чемпионаттың негізгі мақсаты – оқушыларға кәсіпті саналы түрде таңдауға, білім беру бағытын анықтауға және болашақта еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік беру. Білім сайысы қаладағы 10 колледж базасында 30 құзырет бойынша өтті. Жұмысты колледждердің әлеуметтік серіктестері қатарынан тәуелсіз сарапшылар бағалады.


ГҮЛМИРА ЖАҚАШЕВА – «СЕМЕЙ» МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 «Барлық мектептерден конкурсқа өтінімдер түсті. Конкурстың мақсаты – балаларға, талапкерлерге ерте кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, біздің құзыреттілік бойынша жедел медициналық алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйрету және мектептердің дарынды оқушыларын анықтау. Конкурсқа қатысушыларға сәттілік тілейміз және бұл іс-шара ары қарай жалғасын табады, деп ойлаймыз».
Чемпионат үздік отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, WorldSkills қозғалыс негізінде оқушылардың кәсіби бағдар алуы, заманауи және болашақ кәсіби құзыреттіліктерін игеруі үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Чемпионат Семейдегі 9 колледжде және Ақсуат ауданының колледжінде өтті. Оқушыларға өздерін әртүрлі бағытта сынап көруге, болашақ мамандықты таңдауға және жаңа ақпараттарды меңгеруге мүмкіндік берілді.


Айта кетейік, бұл осындай ауқымда жүзеге асырылған алғашқы бастама.