Семейде дағдарыс орталығы ашылғалы 300 адамға жәрдемдесті. Оның тең жартысы бала. Бұл статистика отбасылардағы кикілжің, ұрып-соғу фактілерінің азаймай отырғанын байқатады. Семейдегі дағдарыс мекемесі елдегі 49 орталықтың бірі. Бул туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Семейдегі дағдарыс орталығына алыстағы Атыраудан, көрші Шығыс Қазақстан облысынан, Жарма, Мақаншы, Бесқарағай аудандарынан түрлі тағдырмен келіп, уақытша пана тапқандар бар. Орталыққа 151 отбасынан 300-дің үстінде адам келсе, оның 156-сы бала. Жәбір көретін жандардың жанына жалау болған орталықта барлық жағдай жасалған.
Абай облыстық мәслихатының депутаты Анжела Маслова «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» жобасының басталғаны жайлы атап өтті. Жобаның басты мақсаты тұрмыстық зорлық - зомбылық пен күш көрсетуге қарсы күреске бағытталған кешенді шараларды біріктіру.
Спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында мемлекет, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, жобаға барынша ақпараттық қолдау көрсетуді барлық деңгейде қамтамасыз етуге шақырды.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА