Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында филология ғылымдарының докторы, профессор, Арап Еспенбетовтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Ғибратты ғалым. Ұлағатты ұстаз» тақырыбында кездесу кеші өтті. Кеште ғалымның қазақ ғылымына сіңірген елеулі еңбегі жайында тағылымды әңгіме өрбіді. Мерейтой иесімен сырлы сұхбат жүргізілді.
Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, жас әдебиеттанушылар мен студенттер қатысқан кеште Арап Еспенбетовтің азаматтық тұлғасы тағы бір мәрте асқақтай түсті. Еңбек жолын білім саласы мен әдебиетке, ғылымға арнаған облысымыздың құрметті азаматына қандай құрмет көрсетілсе де жарасып-ақ тұр. Музей-қорығында өткен кездесудің мәні де мағынасы да осыған сайды.
Ұлан Сағадиев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры
Абай музейіндегі Арап Сіләмұлының еңбегі орасан зор. Абай музейінің қорында әсіресе кітап қорында қолжазбаларды зерттеуде оны ғылыми айналымға түсірудеАрап сіләмұлының тынбай еңбектеніп, музейіміздің дамуына, Абайтану ғылымының дамуына, Абайдың ақын шәкірттеріне қоғамның назарын аударуда үлкен үлес деп есептеймін.
Кеш барысында мерейтой иесінің өз ісіне деген адалдығы мен қайраткерлігі жайлы аз айтылған жоқ. Мінберден сөз алған үзеңгілес ғалымдар мен ізбасар кейінгі буын
халық ағарту саласының озық қызметкері жайлы орамды ойлар, тұщымды пікірлер айтты. Мәселен, Еспенбетовпен 50 жылдан артық етене таныс Зейнолла Қалымбекұлы әдебиетшінің өңір ғылымына қосқан үлесі айшықты екенін айтты.
Зейнолла Тоқаев- Профессор
Арап Сіләмұлы осы қаладан кетпей талай шақыртулар болды орталыққа. Мен оның куәсімін, білемін жақсы. Бірақ ешқайда шықпады. Осы Семейде тұрып-ақ ғалымдардың өрісін кеңейтті.
Расында да ұлағатты ұстаздың алдын көрген шәкірттерінің арасында оның жолын қуып, отандық ғылымның дамуы жолында ізденіп жүргендері көп. Санамалай айтсақ, 2 доктор, 19 кандидат, 3 PhD, 30 –дың үстінде ғылым магистрі бар. Ендеше, кейіпкерімізді шәкіртімен мақтанатын бақытты адамның бірі деуге әбден болады