Абай облысының әкімі Берік Уәли Үржар, Аягөз, Көкпекті, Жарма аудандарының су басу қаупі бар аумақтарын, Егінсу, Шар су қоймалары мен Ворошилов магистральдық каналын тексерді. Сонымен қатар, Үржар ауданындағы Егінсу су қоймасын тікұшақ арқылы әуеден бақылады.
Аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданындағы Бозай көпірінің жағдайымен де танысты. Былтыр көктемде өткелді су шайып, Бозай елді мекенінің тұрғындары көлік қатынасынсыз қалған. Ауыл тұрғындары көлік өткелінің қазіргі жағдайының сын көтермей тұрғанын, су басу қаупі бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, көпір құрылысының созылып кеткеніне өз алаңдаушылықтарын білдірді. Әкім бірінші кезекте көпірді су шайып кетуіне жол бермеудің жолдарын қарастырып, аудан әкімдігі Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп судың арнасын көпір астына қарай бұру қажеттігін айтты.
Берік Уәли Абай облысының әкімі
Мүмкіндігінше осы көпірді аман алып қалуға тырысайық. Одан кейін жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын екенін бәрі біледі. Соны бастаймыз. Мына көпір аман қалса, қосымша көпір болып қала береді. Зияны жоқ. Жаңағы су арнасы бұру керек. Барлық техниканы жұмылдыру керек. Жұмыс жасау керек. 01:14
Аймақ басшысы Көкпекті ауданының көктемгі су тасқынына қарсы дайындығын тексерді. Қазір ақ ұлпа қалың түскен 3 ауылда қар шығарылуда. Аудан әкімдігі аймақ басшысына су тасқыны туындаған жағдайда жұмылдырылатын техникалар жиынтығын таныстырды. Ауданда 12 арнайы техника бар. 62 арнайы техниканы көмекке тарту үшін 35 меморандум жасалған. Облыс әкімі Көкпекті өңірдегі су басу қаупі бар аудандардың қатарында екенін еске салып, дайындық шараларын күшейтуді тапсырды. Ал, төтенше жағдайлар департаменті өз шеңберінде тиісті шараларды қолға алған.
Манарбек Шапағатов, Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы
Біз қолда бар болжамды назарға ала отырып, облысымыздың оңтүстік өңірлеріне қосымша 75 адам жіберіп отырмыз. Олар тасқын бола қалған жағдайда су тасқынын алдын алуға және жергілікті әкімдікке көмек беретін болады. Жіберілген мамандар мотосорғы, қайықтар және өзге де қажетті техникалармен жарақтандырылды.
Көкжайық ауылдық округінің аумағындағы Ворошилов магистральдық каналы бойында ешкімге ескертпестен бөгелген қосымша өзен арнасы анықталған. Заң аясында жауапқа тарту үшін құзырлы органдарға хат жолданған. Аймақ басшысы Көкпекті ауданынан кейін Жарма ауданындағы Шар су қоймасындағы ахуалды әуеден бақылады. Сапар барысында әкім өңірдегі ахуалдың тұрақты екенін айтқанымен, босаңсуға болмайтынын ескертті. Ол үшін әр аудандағы тасқын қаупі бар елді мекендер тұрақты бақылауда болып, күнделікті мониторинг жүргізілмек.