Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларды құттықтады. Салтанатты шараға түрлі саладағы өз ісінің шебері атанған облысымыздың барлық қалалары мен аудандарынан келген қыз-келіншектер, аналар қатысты.
8 наурыз – аналар қауымына, ақылына көркі, парасатына қайраткерлігі сай нәзік жандыларға ерекше құрмет көрсететін айрықша күн. Бүгінгі қоғамда әйелдер отбасының шырағы ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да сүбелі үлес қосып, азаматтық белсенділіктерін танытып келеді. Облыс әкімі Берік Уәлиұлы жиналған жандарға жүрекжарды лебізін білдірді.
Берік Уәли – Абай облысының әкімі
Ардақты аналар, аяулы арулар! Баршаңызды шуақты көктемнің шырайын келтіріп, нұрын төккен тамаша мереке – 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын құттықтаймын. Әлемнің мәні сіздерде, өмірдің сәні сіздерде. Сіздер бар жерде ұрпақ өркендеп, ел еңсесі биіктеп, ұлт рухы асқақтайды. Қазақ даласында әйел затының орны қашан да биік. Бесік тербеткен, елді жебеген, ерге серік болған аналарамыз халқымыздың ұйытқысы, шаңырағымыздың шамшырағы.
Салтанатты шарада облыс әкімі «Еңбек Ері» Алма Шүкіжановаға Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар, аймақ басшысы әйелдердің тынымсыз еңбектері арқылы кешегі тарихи тұлғаларға айналған аналардың жолын жалғастырушы екеніне тоқталды. Мерекеде барлық құттықтау-тілектер нәзік жандыларға арналды.
Раушан Мұқажанова – «Адал ас» компаниясының негізін қалаушы
Әйел адам өмірдің діңгегі, оның өмірде орны бар. Сол сияқты кәсіпкерлікте де әйел адамның өте үлкен орны бар. Ер адамдармен бірге иық тірестіріп, кез-келген шаруаны бірге атқара алатындықтарын қазір нәзік жанды әйел қауымы дәлелдеп келе жатыр. Оның талай көріністері бар маңайымызда. Қолөнер шеберлері бар, темір өндіретін зауыттарда да, үлкен кәсіпорындарында да нәзік жанды әйелдер ер адамдардан ешбір қалыспай, көмектесе отырып сол жұмысты бірге дөңгелетіп, алып кетіп жатыр.
Айгүл Иманғалиева - Ақсуат ауданы қоғамдық кеңесінің хатшысы
Ана деген өмірдің гүлі, өмірдің қозғаушы күші, адамзаттың негізгі тамыры деп айтып жатамыз. Анасына қарап елін таны дейді. Аналардың бейнесі – біздің өміріміздің, еліміздің, облысымыздың, ауданымыздың айнасы. Сондай болса, бүгінгі жиынға келіп отырған адамдар соның қаймақтары, елдің анасы болып жүрген, елдің алғысына бөленіп жүрген, ел құрметтеп жүрген аналар деп ойлаймын.
Облыс әкімі бұл күн нәзіктікті, сұлулықты, мейірім мен парасатты дәріптейтін, әйел ананы ерекше құрметтейтін мейрам екеніне айрықша тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін атап өтті. Мерекелік жиын әсем әнге ұласты.