«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5511 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті, 6 мектеп оқушыларына әскери өмір, қару-жарақ пен әскери техника, кинологтың жұмысы көрсетілді. Ашық есік күні Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бөлім офицерлері оқушыларға әскери қызметтің ерекшелігін айтып, сарбаздар казармасын көрсетті. Әскердегі күн тәртібі де өзгеше. Таңның атысы кештің батысына дейін темірдей тәртіпке бағыну, ептілікті арттырып, шапшаң қимылдауға үйрену міндет. Оқушылар бұл шараға мұқият дайындалды. Олар Макаров тапаншасын, Калашников автоматын, Драгуновтың мергендік мылтығын және әртүрлі техниканың тактикалық және техникалық сипаттамаларын зерттеп байқады. Оқушылар сыныптастарына қызықты ақпаратпен бөліссе, офицерлер презентацияға көмектесті. Әскерилер болашақ Отан қорғаушыларды өз мақсаттарына ұмтылуға, оқуда және спортта жетістіктерге жетуге, салауатты өмір салтын ұстануға және елдің нағыз патриоты болуға шақырды. Экскурсиядан кейін оқушылар әскери қызметшілерге осындай танымдық кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, қызметте табыс тіледі.

СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ