Қазақстандағы түрлі этностардың мерекесі ортақ. Масленицаны атап өту – халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың белгісіне айналған. Биыл бұл мейрам 24 ақпаннан бастау алып, 2 наурызға дейін тойланады.

Масленица – көктемнің жақындауын білдіретін славяндардың дәстүрлі мейрамы. Ол қысты шығарып салу және күннің жылуын қарсы алу мерекесі ретінде тойланады. Масленица бір аптаға созылып, әр күні өзіндік мәнге ие.

Антонина Клиновицкая - Семей орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі

Бұл апта бойы дүйсенбіден жексенбіге дейін бүкіл Славян халқы мерекені тойлайды. Әр күннің өз атауы бар. Дүйсенбі кездесу, сейсенбі ойын-күлкі, сәрсенбі – тәттілер күні, бұл күні күйеу баласы қайын енесіне келеді. Бейсенбі көңілді думан. Жұма керісінше, қайын енесі күйеу баласына құймақ жеуге барады, сенбі қонақ күту, қайын сіңілілері жиналып, қолөнермен айналысады, ән айтады, құпияларымен бөліседі, ал жексенбі кешірім сұрау күні. Бұл күні барлық адамдар бір-бірінен кешірім сұрауы керек.

Масленица қуыршағы – көне славян дәстүрінің маңызды элементі. Масленицаның басты символына айналған. Мерекенің соңғы күні оны арнайы рәсім бойынша өртейді. Өткен-кеткен келеңсіздікті жағып жіберіп, жаңа лебі бар жылы да жайлы күнді қарсы алады.

Антонина Клиновицкая - Семей орыс әлеуметтік-мәдени орталығының жетекшісі

Біз Масленица мерекесін тойлаймыз, оның соңы сабаннан жасалған, матадан тігілген қуыршақттарды өртеумен аяқталады. Қуыршақтар жыл сайын әр түрлі – көңілді, мұңды болады. Дегенмен бұл балаларға өте ұнайды. Осы күні әр адам өзінің басынан өткен қиыншылықтарын қағаз бетіне түсіреді. Оны қуыршақтың қалтасына, не сөмкесіне салып жіберіп, қуыршақпен бірге өртейді. Бұл қиындықтар артта қалды дегенді білдіреді.

Масленицаның басты тағамы – құймақ. Ол пішіні жағынан күнге ұқсайды, сондықтан да Масленица күннің жылуын шақыру дәстүрімен байланысты. Масленица – көңілді, ән-күй мен би, дәмді тағамдар мен дәстүрге толы ерекше мереке.