Абай облыстық сотының жаңа ғимараты ашылды
Бүгін Абай облыстық сотының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты рәсімге ҚР Жоғарғы Соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли, сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Шакир Шаяхметов, облыс судьялары, сот жүйесінің ардагерлері қатысты. Облыстық сот ғимаратының ашылу салтанатында Жоғарғы Соттың алқа төрағасы Аслан Түкиев сот жүйесінің қоғамдағы тұрақтылық пен заңдылықты қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Аслан Түкиев ҚР жоғарғы сотының әкімшілік істер алқасының төрағасы
28 жылдан кейін сіздермен бірге заманауи, көрікті сот ғимаратын ашып оытрмыз. 17 сот пен сот әкімшілігінің 52 қызметкері азаматтарымыздың құқығын қорғау бағытындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын нәтижелі орындайды деп сенемін.
Соттың жұмысы азаматтардың мемлекетке деген сеніміне, олардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына тікелей байланысты. Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа ғимараттың салынуы өңірдегі сот инфрақұрылымын нығайту жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
Берік Уәли – Абай облысының әкімі
Бұл ғимарат облысымыз қайтадан құрылғаннан кейінгі облыс орталығында бой көтерген алғашқы жаңа ғимарат. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жетілдіруді, оның әділ әрі қолжетімді болуын басты назарда ұстап келеді. Әділетті Қазақстанның өзегі де осы. Сондықтан бұл жаңа ғимарат азаматтардың құқығын қорғалатын, заң үстемдік құратын орынға айналуы тиіс. Абай облыстық сотының ұжымы осы міндетті абыроймен атқарады деп нық сеніммен айна аламыз.
Ғимарат судьялар мен қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, сот төрелігін қоғам үшін қолжетімді әрі ашық етеді.
Ғалым Табанов ҚР Абай облысы сот әкімшілігі департаменті басшысының м.а.
Сот ғимараты бүгінгі заман талабына сай барлық құрал жабдықтармен қамтылған. Аудио-бейне жазба құралдармен жабдықталған. Соттарға ғана емес халыққа жағдай жасалған, күту залы, лэд экпран қол жетімді. Бүгінгі күн талабына сай салынған ғимарат.
Республикалық бюджет қаражатына салынған 4 қабатты ғимаратта 9 сот отырыс залы, фронт-офис, прокурорлар, адвокаттар мен медиаторларға арналған кабинеттер бар. Олар заманауи желдету және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.