Семейде жолдардағы қауіпсіздікті арттыру үшін заманауи технологиялар енгізілуде. Қаладағы қозғалыс көп және апаттық жағдайлар жиі тіркелетін Бозтаев көшесінде өңірдегі алғашқы проекциялық жаяу жүргінші өткелі пайда болды. Бұл өткелдің басты ерекшелігі — асфальтқа «жолақтың» проекциясы арқылы жарық түседі. Жобалаушылардың айтуынша, мұндай технология жаяу жүргінші өткелін жақсырақ көрсетуге көмектеседі және оны әсіресе түнде айқын етеді. Оған қоса жүргінші жолы бейнекамера бақылауында.
Санжар Саранбаев — «Абай IT Core» ЖШС-нің бас директоры
Камера жағдайды тәулік бойы бақылап отырады. Егер жаяу жүргіншіні көлік соғып кетсе, жүйе бұл жағдайды тіркеп, диспетчерлік экранға ақпаратты жібереді. Бұл жүйенің артықшылығы неде? Дәстүрлі жаяу жүргінші өткелдері қараңғылық немесе түнгі уақыт жағдайында қауіпсіздікті жеткілікті қамтамасыз етпейді. Осы себепті апаттар мен жаяу жүргіншілерді қағып кету осы жерде жиі тіркелді. Бұл жүйе осы мәселені шешеді: адам жолға шыққанда, проекция автоматты түрде жарқырап, жол жақсы көрінеді.
Жүйе кез келген ауа райы жағдайына төзімді: жаңбыр, тұман, қарда проекция айқын көрінеді. Ал жұмыс істеу температурасының ауқымы -70°C-тан +60°C-қа дейін.
Бұл проекциялық өткел «Ақылды қала» технологияларын енгізу бойынша жобаның бөлігі. Болашақта мұндай жаяу жүргінші өткелдері бір-бірімен «байланысып», жол қозғалысы туралы ақпаратты алмасады. Сонымен қатар, әзірлеушілер оларды жел генераторлары мен күн батареялары арқылы толық автономды етіп жасауды жоспарлап отыр.
Санжар Саранбаев — «Абай IT Core» ЖШС-нің бас директоры
Тіпті электр энергиясы толықтай болмаған жағдайда да жүйе жұмыс істей алады. Бұл қала шетінде, жарықтандырылмаған аймақтарда осындай өткелдерді орнатуға мүмкіндік береді.
Семейдегі Бозтаев көшесінде жол-көлік оқиғалары жиі болатындықтан жаңа жоба осы жерден басталды. Тұрғындар әсіресе балалардың қауіпсіздігі туралы алаңдайды. Компанияның жоспарына сәйкес, осындай өткелдермен Семейдің барлық мектептерін және ең қауіпті учаскелерін, оның ішінде Сәтпаев даңғылын және Өскемен көшесін жабдықтау көзделген.
Бұл жаңашылдық сұранысқа ие: жүйе іске қосылғалы бұл өткелде жаяу жүргіншілердің саны үш есе артты. Жарықтандырылған «жолақта» жүргіншілер өздерін сенімді әрі қауіпсіз сезінеді.