60 жыл бұрын салынған көпірдің сыр бере бастағаны жайлы әлеуметтік желіде түрлі суреттер мен видеолар қолдан-қолға таралып жатыр. Сала мамандары ақаудың бар екенін жасырмағанымен, көпірден төнер қауіп жоқ деп отыр. Қазір көпірдегі жүктеме азайтылып, салдарынан қала көшелерінде ұзын-сонар көлік кептелісі орын алуда.
Семейліктер ескі авто жүк көпірі арқылы Ертістің екі жағалауына екі жолақпен ғана қатынай алады. Оған «TestConstruction» ЖШС ұйымының 2024 жылғы сараптамалық қорытындысы себеп болып отыр. Осы қорытындыға сәйкес, көпірдегі жүктемені азайту үшін салмағы 2 тоннаға дейінгі көліктерге өтуге рұқсат етіледі. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде осы көпірде жарықшақ пайда болғаны жайлы фото мен бейнекадрлар таралып кетті. Көптің көкейіндегі сауалға сала басшысы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингте жауап берді.
Асхат Есеев- Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
Көпірдің жағдайы қанағаттанарлық. Бірақ ақаудың бар екенін жасырмаймыз. Әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпаратқа байланысты айтарым - жылжымалы топсалар қоршаған ортаның температурасына сәйкес, еркін қозғалып тұрады. Яғни, көпір құрылғысының қозғалуына мүмкіндік береді. Бұл көпір құрылысын әу баста жобалау кезінде ескерілген. Алайда көпірдің өзінде айтарлықтай үлкен кемшілік жоқ.
Басқарма басшысы бұдан бөлек, сарапшылар қорытындысына сәйкес көпірді әлі де пайдалануға болатынын айтып отыр. Аталған көпірдегі ішінара шектеу қала көшелерінде ұзын-сонар көлік кептесіне алып келді. Жүргізушілер мен жолаушылар жүйкесіне жүк түсірген кептелісті қалай шешеміз деген сауалға мамандар 2024 жылдан бастап бірнеше көшелерді жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Әділбек Увасилов- Семей қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а
Бұл алдымен Қабанбай батыр көшесіндегі кептелісті қолға алу үшін. Осы көшеге параллель Жамақаев көшесі бойынша ПСД аяқталу сатысында. 90 пайыз дайын. Қазір теміржол және жоғары кернеулі электр желілері бойынша жұмыстар жасалуда. Ол біткеннен кейін мемлекеттік сараптамаға кіреміз. Одан әрі жұмыстарды жүргізу үшін қаржат сұралатын болады.
Абай және Шәкірім көшелері қиылыстарындағы кептелістерді реттеу бойынша жобалау жұмыстарының әлі де басталмағанын айтқан бөлім басшысының міндетін атқарушы кептелістің орын алуына қала ішіндегі теміржолдың да әсері бар деп отыр. Кептелісті болдырмаудың тағы бір амалы қалаға айналма жолдың қажеттігі.
Асхат Есеев-облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
Айналма жол бойынша жоспарымыз бар. 2021 жылы ТЭО жасалып, қаржыландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Ол республикалық бюджеттен қаржыландырылады. ТЭО бойынша 51 км жол болады. Ол жерде 6 путьепровод көзделген. Нақты қашан басталатындығын айта алмаймын. Барлығы қаржыландыруға байланысты.
Жыл сайын жөндеу көретін аспалы көпірге жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Құжаттама 2-ші тоқсанның аяғында сараптамадан шығады. Содан кейін ғана көпірге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.