Елімізде жұмысшы мамандықтардың мәртебесі өсіп келеді. Соның арқасында кейінгі буын өкілдері жұмысшы мамандық иелерінің кәсіби әрі қызметтік өсу жолына қызығушылықпен қарай бастады. Осы салада еңбек ететін білікті мамандар табысқа жетіп қана қоймай, ел дамуына елеулі үлес қосуда. Жас маман Жарас Нұрбеков жайлы келесі сюжетімізде.

Жарас Нұрбеков энергетика саласында 2022 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Еңбек жолын қатардағы электромонтер болып бастаған. Өз білімі мен табандылығының арқасында «шебер» лауазымына деген көтерілген. Бұл қызмет – жас маманға үлкен жауапкершілік жүктейді. Кейіпкеріміз электрик маманының өмірде бірақ рет қателесетінін жақсы біледі. Жарас үшін қауіпсіздік бірінші орында тұр.

Жарас Нұрбеков – Шебер

Мен бала кезден осы мамандыққа түсуді армандадым. Сондай өзімнің қызығушылығым болды. Қызығы оқығанда, жұмыс процессі өзі қызықты. Бүкіл техника безопасностиді сақтап, жұмыс істеген, бәрін көзбен көріп істеген процесс өзі қызықты.

Жарас Нұрбековтің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін ұжымдағы әріптестері жоғары бағалайды.

Ринат Елубаев – «БЭСК» АҚ Абай аймағының бас инженері

Ол өзінің жұмыстағы біліктілігі жоғары, барлығы, әріптестері әрқашан қолдап отырады. Өзіне қойылған талаптарды толығымен 100 пайыз орындап, жұмысқа деген құштарлығы әрдайым көрініп тұрғандықтан, осындай дәрежеге өсіп отыр. Біздің мекемеде жұмыс атқаратын жас мамандарға мүмкіндіктер өте көп.

Шебердің міндеті – электр желісінің үздіксіз жұмысын қадағалау ғана емес, техникалық процесстердің, техникалық қауіпсіздік пен өнеркәсіптік санитарияның сақталуына да жауапты. Оның қызметтік міндеттеріне сонымен қатар материалдар мен жабдықтардың пайдаланылуын бақылау, олардың артық тұтынылуын болдырмау және уақтылы қызмет көрсету мен жөндеуді қамтамасыз ету кіреді. Жас маман жұмысшы мамандығы жылы қарапайым жұмысшыларға назар аударудың маңыздылығына тоқталды.

Жарас Нұрбеков – Шебер

Жылды атап өткені жақсы. Әрқайсымызды ескеріп, әрқай мамандыққа қазір көңіл бөліп жатыр ғой. Электр мамандығында жүрген адамдарға көңіл бөліп, елеп-ескеріп жатқандары бізге өте жақсы.

Жарас Нұрбеков жастығына қарамастан күрделі жұмыстарды атқаруда. Электрик басқа адамдар алдында жоғары жауапкершілікке ие мамандық иесі. Ол кәсіби өсуде шектеу жоқ деп санайды. Сол үшін үнемі ізденіс пен жаңа білім игеру жолында.