Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың 4-ші отырысында ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыстың басталғанын айтты. Сондай-ақ бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданған. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қарау керектігін ескерткен Президент қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет деді. Осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тілшіміз тоқталады.
Профессор Шынар Сейітова облыстық ономастикалық комиссияның тұрақты мүшесі. Өзі де 2018 жылдан бастап осы салада зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Күні бүгінге дейін Алтай, Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Глубокое аудандарының жер-су атауларын зерттеп, түгендеген ғалым әрқайсын жеке-жеке кітап етіп бастырған. Бұдан бөлек, көптеген ғылыми еңбектердің авторы көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесінде мұқият болып, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілмеуі керек деп санайды.
Шынар Сейітова, Профессор
Халыққа еңбегі сіңбеген, ұлттың мүддесінен шықпаған бірақ өздеріне абырой әкелген кейбір адамдарға байланысты жер-су атаулары қойылса екен деп ұжымдық түрде хат жазып жатқан адамдар бар. Бұл дұрыс емес. Себебі атау қойғаннан кейін көшеге болсын, елді-мекенге болсын, көші-қон орындарына болсын кім болса соның атын қоюға болмайды.02:34
Абай облысы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 100 –ден аса, ал атауы жоқ 200-ден аса көше бар. Олар бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Бүгінге дейін Бесқарағай, Бородулиха аудандарының 22 көшесі жаңа атауға ие болды. ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі бекіткен Жол картасына сәйкес Семей, Курчатов қалалары мен Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарының тарихи тұрғыдан ескірген, мән-мағынасыз 22 көшені қайта атау және Аягөз, Көкпекті аудандарының атауы жоқ 24 көшесіне атау беру мәселесі жоспарланып отыр.
Әйгерім Байжұманова, Облыстық мәдениет, Тілдерді дамыту және Архив ісі басқармасы тілдерді дамыту және Ономастика бөлімінің басшысы
Облыс бойынша ұсыныстар көптеп түсуде. Бүгінгі таңда өздерінің ата-бабасын ұлықтауға байланысты 10-нан аса ұсыныс түсіп отыр. Оның барлығы біздің қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер-су атаулары, дәстүрлі атаулар тізімдеріне сәйкес қаралатын болады. Біз кез-келген көшені атамас бұрын ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрлігімен келісіп, одан кейін ғана облыстық ономастиканың қорытындысын шығаратын боламыз.03:10
Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы әдемі жер-су атаулары мен халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүргенімізді еске салып, ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн деді. Әсіресе, науқаншылдыққа бой алдырмау керектігін айтқаны тіл білімі зерттеушілерінің үдесінен шықты. Семейлік ғалым атау беруде асығыс шешімнің қажеті жоқ деп отыр.
Шынар Сейітова, Профессор
Енді болашақта тағы да атау сұрайтындар көп қой әртүрлі. Соған өте ықтиятпен, ыждахатпен қарап, архив құжаттарымен танысып шын мәнінде ел мүддесіне қызмет атқара алды ма, шын мәнінде ол көшенің, елді-мекеннің, мектептің атына осы адам лайықпа деген сияқты жан-жақты қарастырып, содан кейін ғана қою керек.04:50
Президенттің Құрылтайдағы ономастикаға қатысты пәрмені атасының атына, көкесінің құрметіне атау сұрайтындарға тоқтам болмақ.