Азаматтардың интернет алаяқтарына алданып қалуы азаймай тұр. Түрлі қаржы пирамидаларының құрығына ілінген жерлестеріміздің бір тобы оларға 90 млн. жуық теңгені еш ойланбастан ұстата салған. Облыс аумағында 2024 жылы «Кибернадзор» жүйесі арқылы қаржылық пирамидалардың 139 сайты бұғатталған. Жыл басынан бері дәл сондай 15 сайт жабылды.
Әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты қаржылық пирамида жұмысы Қазақстанда да заңсыз. Елімізде оған қылмыстық кодекстің 217 бабына сәйкес тыйым салынған. Қаржылық пирамидамен айналысу 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. Егер қылмыс топтасқан күйде жасалса, қылмыскердің дүние-мүлкі тәркіленіп, 5 тен 10 жылға дейін абақтыға қамалады. Құзырлы органдар заңсыз қаржы пирамидаларымен күресті тұрақты жүргізуде.
Ғалым Шегенов - Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары
2024 жылы Департаментпен Абай облысының аумағында қызмет атқарған «Bitlime», «Magis», «Chia Tai Tiahging» және «Eolus» атты қаржы пирамидаларын құру және басқаруға қатысты 4 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды, оларда 197 салымшы 88 млн. теңге шығынмен жәбірленуші деп танылды. Бүгінгі таңда 3,4 млн. теңгеден астам шығын өтелді, күдіктілердің 30 млн. теңгеден астам мүліктері тәркіленді.
Қаржы пирамадасын құрушылардың қулығына құрық бойламайды. Оңай олжаларын түрлі алдап-арбау арқылы қақпанға түсіреді. Ең жеңіл жолы жарнамасы жер жаратын атаулармен «Whatsapp» мессенджері арқылы топ құрып, оған еліміздің әр өңірінен жәбірленушілерді тарту. Мәселен, бір ғана «Bitlime» компаниясы 2 жарым млн теңгеден астам, «Eolus» жобасы бойынша ұйымдастырушы салымшыларға 10 млн. теңгеден артық залал келтірген. Осылардың алғашқысында шығын өтелсе, соңғысына қатысты семейлік 2 азаматтың 4 жылға бас бостандығы шектелді.
Ғалым Шегенов - Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары
Департамент ІТ қондырғыларды пайдалану арқылы әлеуметтік желілерге талдау жүргізілетіндігін айта кетуім керек. 2024 жылы «Кибернадзор» жүйесі арқылы қаржылық пирамида белгілері бар 139 сайт бұғатталды. Отандастарымыздың алаяқтарға алданып қалуын болдырмау мақсатында жыл басынан бері сондай 15 сайттың жұмысы тоқтатылды.
Қазіргі таңда Департаменттің өндірісінде «LiveGood», «JDL» және «Асар Баспана» ТК жобаларына қатысты ҚР ҚК 217-бабы бойынша 3 және 217-1-бабы бойынша 1 қылмыстық іс тергелуде. Ал, Абай облысы полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері алаяқтар фишинг, әлеуметтік инженерия, зиянды бағдарламалар және жалған интернет-дүкендер сияқты әдістерді қолданатынын атап өтті. Осыған орай мамандар азаматтарды қырағы болу және өз жинақтарын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырды.