Өткен сенбі күні аймақ басшысы Таскескен өңіріне барып қайтты. Сапар аясында Қарақол, Шолпан, Таскескен ауылдарын аралап, аталған елді-мекендердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Тұрғындармен тілдесіп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да қатысты. Көшет отырғызып, Президенттің бұл бастамасының ел үшін мән-маңызының зор екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қаақстан» акциясы Абай облысында кең қолдау табуда. Үржар ауданына қарасты Қарауыл ауылының тұрғындары ауыл көшелеріне шығып, ағаш көшеттерін отырғызуда. Күні бүгінге дейін қарақолдықтар 200-ге жуық көшет отырғызған
Қарақолдықтардың сенбілікке шығуы бүгін ғана емес. Еңбекке жарамды баладан еңкейген қарияға дейінгілері акцияға алғашқылардың бірі болып қатысып, ауылдың ажарын кіргізіп-ақ жүр. Кезекті сенбілікке облыс әкімі Берік Уәлидің келіп қатысуы оларды одан әрі ынталандыра түсті. Ауылдықтар әкіммен бірге Қарақолға кіре берер тұсқа тал отырғызды
ЖАНАР РАЙЫМХАНОВА, ҚАРАҚОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біз әлі де ауылды гүлдендіруге тырысамыз. Бұл болашағымыз үшін, балаларымыз үшін ауылымыздың гүлдеп көктегені өзімізге жақсы.
Болат Искаков осы ауылдың дамуына бір кісідей үлес қосқан адам. Ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көріп отырған қария қатардан қалмай, қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүреді. «Бүгінде үйде жата алмай, елмен бірге өз көшетімді отырғызайын деп келдім», - дейді ақсақал.
БОЛАТ ИСКАКОВ, ҚАРАҚОЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біздің ауылдың көркі – біздің жастарда. «Таза Қазақстан» деп айтып жүрміз ғой қазір. Осыған біздің жастар да, мектеп, оқушылар да, мұғалімдер де, дәрігерлер де, қысқасы барлығы ауыл бір кісідей атсалысып осыған көмектеседі.
Сенбілік аясында көшет отырғызу Таскескенде де жалғасты. Ауылдың қақ ортасындағы спорт кешенінің ауласында шырша ағаштары егіліп, әлеуметтік нысанның ауласына әр беріп тұр. Облыс әкімі бұл ауылда да көппен бірге шырша екті.
БОТАГӨЗ ҚОҢЫРАТОВА, АУДАНДЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АССИСТЕНТІ
Біз осы «Таза Қазақстан» акциясына өзімізде мемлекеттік қызметкерлер тарапынан алдыңғы қатарда, алдыңғы шепте жүруді жөн көрдік. Басқаларына үлгі болып. Тал егісіп,, ауылымыздың тазалығы үшін бар күшімізбен атсалысудамыз. Біздің акцияға қатысуларыңызды сұраймыз.
Жалпы, Таскескен сулы да нулы өңір. Тастаған таяғың тал болып өсетін де осы жер. Жалпы бұл күні Үржар ауданы бойынша 2160 көшет, 30 бұта отырғызылды. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен тілдесуі барысында, ел көлеміндегі экологиялық шараның мақсаты тереңде екенін айта келіп, егілген әр көшеттің уақытылы суғарылып, күтім жасалуы бойынша жауапты орвндарға тапсырмалар жүктеді.