Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Соғыс ардагері, «Даңқ» орденінің толық кавалері Фазыл Әділбаевтың туғанына – 100 жыл. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында батырдың ұрпақтары волейболдан жарыс ұйымдастырды.
Фазыл Әділбаев қан қасаптағы ерлігі үшін «Даңқ» орденінің 3 дәрежесін де өңіріне таққан майдангер. Отан үшін от кешкен жауынгер бейбіт өмірде құқық қорғау саласында еселі еңбек етті. Маңдай терін сыпыра жүріп, қыруар іс тындырды. Әке деген ұлы есімді ұрпағы ұлықтап, жарыс ұйымдастырды.
НҰРЛАН ӘДІЛБАЕВ – Ф.ӘДІЛБАЕВТЫҢ ҰЛЫ
Жеңіс мерекесінің 80 жылдығына арнайы міне, және де биыл әкеміз 100 жылға толатын жыл еді. Еске алайық деп және де артымыздан өсіп келе жатқан жасөспірімдерге, жастарға тәлім – тәрбие болсын. Осы бейбітшілік өміріміз үшін қан төккен адамдарды ұмытуға болмайды деп, осы іс-шараны бүгін өз жанұямыз, Әділбаевтар әулеті қосылып, бәріміз осыны жасап жатырмыз.
Жарыс жолына шыққандар түрлі салада қызмет етеді. Олар кәсіби спортшылар емес, жас мөлшері де әрқилы, ерлер мен әйелдер араласа команда құрған. Жиыны 8 топ бақ сынады. Волейбол добын алақандарында ойнатқандар басты мақсатамыз - бұқаралық спорттың дамуына үлес қосу дейді.
ТАЛҒАТБЕК АХМЕТЖАНОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Жасымызға қарамай бәріміз осы турнирге қатысуға келдік. Тек қана спортпен айналысса екен жастар. Басқа да енді спорттың түрлері көп қой. Тек қана волейбол емес, негізі жастарды осы спортқа баулығанымыз дұрыс деп ойлаймын.
Бұл батыр аталарына арналған алғашқы сайыс. Дәстүрлі түрде өткізу жоспарымызда бар, дейді майдангер ұрпақтары. Спорттық доданың өтуіне қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсеткен.
ҚУАТ ИСАЖАНОВ – ҚАЛАЛЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға және қатысқан командаларға ардагеріміздің ұрпақтарының, балаларының дайындаған сыйлықтары, приздары бар. Сонымен марапатталады. Сондықтан, бұл жарыс жаңағы Жеңіс күні қарсаңында өткізіліп жатқаны өте дұрыс деп ойлаймыз.
Тартысты өткен кездесуде Абай облыстық сотының құрамасы қарсылас шақ келтірмей, бірінші орын алды. Екінші орынды Қабанбай ауылының құрамасы қанжығаға байлады. Теміржолшылар үздік үштікті түйіндеді. Қатысқан барлық командалар сыйлықсыз қалмады.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ