Жеңістің 80-ші көктемін Абай облысында екі ардагер қарсы алды. 104 жастағы «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин мен 99 жасар Иван Шевцов. Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли қарт жауынгерлердің шаңырағында болып, сый-құрмет көрсетті.
Әбдіғали Қаймолдин қан майданнан аман оралып, енді міне Жеңістің 80-ші көктемін көріп отыр. Аймақ басшысы ардагерді мерекемен құттықтап, Президент жолдаған құттықтауды оқып берді. Облыс әкімі батырдың кеудесіне мерейтойлық медаль тақты. 5 миллион теңгенің сертификаты мен облыс әкімдігінің арнайы сыйлығын тапсырды.
БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сізге Президентіміз осындай құттықтау хат жолдап отыр, рұқсат болса оқып берейін. Құрметті Әбдіғали Қаймолдаұлы Ұлы жеңістің 80 жылдығы құтты болсын. Сіз сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешіп, Бытылдық пен батырлықтың озық үлгісін көрсеттіңіз. Біз ардагерлеріміздің ерең еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Майдангерлеріміздің ер жүректігі өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Бүгінгі бейбіт өміріміз барша халқымыздың атынан сізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзіңізге зор денсаулық, амандық тілеймін. Қасым Жомарт Тоқаев осындай сізге хат жолдап отыр.
Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы жиырма жасында әскер қатарына шақырылды. 1941-1945 жылдар аралығында Сталинград, 1-ші Украина, 1-ші Беларусь, 3-ші Балтық майдандарында шайқасты. Майдандағы ерлігі ескеріліп, Президенттің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталды.
Жеңістің мерейлі тойын қарсы алған ардагердің екіншісі Иван Шевцов. Ол 1926 жылы 1 қазанда Алтай өлкесі Антоновка ауылында дүниеге келген. Польша мен Чехословакиядағы шайқастарға қатысқан. II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.
ИВАН ШЕВЦОВ – СОҒЫС АРДАГЕРІ
Әрине Жеңіс күнін әрдайым тойлау керек. Расында да қанша көз жас, қанша адам қайтыс болды. Бірақ бәрібір жеңдік.
Ұлттық ұланның әскери оркестрі соғыс ардагерлерінің ауласында отты жылдардағы әуендерді әуелетті.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА