Мамыр айының екінші жексенбісінде еліміз аналар күнін атап өтеді. Бұл күн анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтетін маңызды мереке. Айтулы күн қарсаңында «Айбын» орденінің иегері, өрт сөндіру қызметінің маманы Думан Баймұратовтың анасымен Ерзат Жанатұлы тілдесіп қайтқан еді.
«Ал, балам жұмысыңнан аман – есен жеттің енді. Сен жұмысқа барған сайын переживаттап отырамын енді. Қалай болады екен жұмысың, қайда жүр екен деп. Ананың жүрегі всегда сенің қасыңда жүреді ғой, қайда жүрсең де».
Ананың алаңдайтындай-ақ жөні бар. Думан Баймұратов Семей қаласының төтенше жағдайлар басқармасы №7 өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі. Оттың ортасында, қауіп – қатердің ішінде жүреді, үнемі. Ұлының кезекті кезекшіліктен келгеннен кейін шүйіркелесіп шай ішіп, ана жүрегінің тынышталған сәті бұл.
ГҮЛНАР БАЙМҰРАТОВА – Д.БАЙМҰРАТОВТЫҢ АНАСЫ
Ол өрт сөндіруге кеткенде рас енді, қобалжып отырамыз. Ол келгенше, оны әбен көріп, звондамағанша, уже уайымдап отырамыз енді рас. Осы екі – үш жыл бұрын өрт болған кезде үш күн хабарсыз кетті. Звонок жоқ. Сонда қобалжып, рас, оны уайымдағанымыз рас. Бұның жұмысы өте ауыр жұмыс. Өрт деген ол аяқастынан болатын дүние.
Анасы ұйқысыз өткізген күндер мен түндер осыдан 2 жыл бұрын Семей орманындағы алапат өрттің кезі болды. Ұлы үйдің бетін көрмей 12 күн тілсіз жаумен арпалысты. Табиғат ананы қорғаудан бөлек, өзгенің өмірі үшін отқа түсуден тайынбайтын олардың жұмысы – нағыз ерлік емес пе?! Ерлік ескерусіз қалмады. Жасыл желекті жалмаған қызыл жалынмен күрестегі жанқиярлығы үшін Президент Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденін өңіріне қадады.
ГҮЛНАР БАЙМҰРАТОВА – Д.БАЙМҰРАТОВТЫҢ АНАСЫ
Төбеміз жолдасымыздың екеуміздің көкке жетті ғой. Қуанып. Рас енді, қуанышымызда шек болған жоқ ол кезде. Рас, балам бұндай жерге барады деп, бұндай орден алады деп, былай жолдастарын ана өрт сөндіргенде қорғап, алып шығады деп үш ұйықтасам ойыма келмеген. Енді марапаттап жатыр. Рақмет. Әйтеу балам жақсы жұмыс істейді. Соған өзім сенемін. Қолдаймын. Әрқашан да қасындамыз. Әрқашан да ана жүрегі елжіреп, уайымдап отырамын. Қайда жүрсе де.
Баламның табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын, дейтін ананың бар ойы баласында. Құтқару қызметіне кеткен әр сәтінде ең бірінші тілекші де, іздеуші де анасы. Әр перзенттің ана алдындағы парызы көп, дейді Думан.
ДУМАН БАЙМҰРАТОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТЖБ №7 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ЖҮРГІЗУШІСІ
Сол кісілерді бағалау керек. Өзіміз жұмысқа кеткенде алаңдап отырады. Енді сол кісілердің арқасы. Ол кісілер барда, әке – шешем бар кезде біз әлі баламыз ғой. Өзімізді балаша сезінеміз. Қаланың сыртында, су тасқыны дейді, дала өрттерінде телефон ұстамаған кезде ондай кезде хабарласа алмаймын шыны керек. Ол кезде телефонда сеть ұстаған кезде қарасаң бәленбай пропущенный тұрады.
Әрине, ананың шалған қоңырауы ғой бұл толассыз. Оның әрқайсында ана жүрегіндегі шексіз сүйіспеншілік, сағыныш, қамқорлық жатыр. Өйткені, ана жүрегі сан түрлі сезімді сыйдыра алатын, шексіз мейірімнің мекені.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ