Семейде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер және педагог Теміржан Базарбаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы "Әнші жүрек" шарасына зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Теміржан Базарбаев қазақ музыка өнеріне жарқын із қалдырған тұлға. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ол Семейде еңбек етіп, өзін сазгерлік және педагогикалық қызметке арнады. Теміржан Базарбаев ғұмырында 200-ге жуық ән, симфония мен хорлар жазып, өз қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. Дарынды сазгер симфониялық оркестрге арнап «Тор жорға», «Ботагөз», «Жетісу» поэмалары, оркестрге «Отан», «Қалың елім қазағым» әндерін жазған. Оның қаламынан туған камералық-аспаптық, эстрадалық да сәтті туындылары көп. Солардың ішінде «Ауылым», «Тамаша», «Қаздар қайтқанда» әндері қазаққа кеңінен танымал. Кеш барысында маэстроның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ашылды. Онда 30 — ға жуық жәдігер жеке заттардан мұрағаттық материалдар қойылған. Экспозиция Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищемен бірлесіп дайындалды, онда Базарбаев көптеген жылдар бойы сабақ берген. Т.Базарбаев ата -анасынан ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін ел ішінен таланттарды іздеп жүрген Нұрғиса Тілендиев бастаған топ оны балалар үйінен Алматыға алып кеткен. Сазгердің өнердегі жолы солай басталды. Теміржан Базарбаевтың есімі қазақ ән өнерінде қалықтап, Абай облысының мәдени тарихының бір бөлігі болып қала береді. Оның шығармалары, сазгер туралы естелік өнер сүйер қауымның жүрегінде.
ӘСЕЛ АЙДАР