Семейде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық көбейіп барады. Былтыр шаһарда жасөспірімдер қатысқан 16 қылмыс тіркелсе, биыл бес айдың өзінде бұл көрсеткіш 29-ға жеткен. Әсіресе ұрлық пен әлімжеттік деректері жиіледі. Осыған байланысты прокуратура «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында кездесу ұйымдастырды. «Заң және балалар: қауіпсіз болашақ» атты шарада оқушылармен киберпрокурор тілдесіп, құқықтық сауат пен қауіпсіздік мәселелері түсіндірілді.