Жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы қағидаларын бұзудың алдын алу мақсатында 19 сәуірден бастап 19 мамырға дейін «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары тарқатты.


Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіпті қорғауда» деп жариялады. Бұл бастама құқық бұзұшылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және халықпен тығыз қарым-қатынасты нығайту үшін қолға алынған.


ҚАЙРАТ ӘБДІҒАЛИЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Полицейлер профилактика барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған жол қозғалысы ережелерінің сақталуына айрықша назар аударуда. Рейд барысында көлікті мас күйде басқару, қауіпсіздік белбеуін тақпау, сондай-ақ, жол жүру кезінде ұялы телефонмен сөйлесу сияқты, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайлары анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.


Семей қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген рейдтік шаралар барысында соңғы 10 күн ішінде 500-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркелді. 


ҚАЙРАТ ӘБДІҒАЛИЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Көлік құралын мас күйінде басқарудың 12 фактісі тіркелді. Көлікті басқару құқығынан айырылған 11 адам көлік жүргізген, көлікті рұқсатсыз жабдықтаудың 18 фактісі, 39 оқиға жаяу жүргіншілерге жол бермеуге қатысты болды.


Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан бұл шараның мақсаты тек айыппұл салу емес, ең алдымен қауіпсіздікке бағытталған.

АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА