Облысы әкім Берік Уәли Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын көрді. Мердігерлерге жұмысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы Семейдегі мәдени нысандарды аралап, мәселелерге қанықты.

Қарағайлыда қайнаған құрылыс. Қазір мұнда 18 тұрғын үй салынуда. Он үшінің құрылысы былтыр басталған. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі керек. Қалған 5 үйдің құрылысы осы жазда аяқталады. Биыл облыста жалдамалы тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.


БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мынау бітіру мерзімі қашан жоспарлап отырсыздар? Жылдың соңына дейін? Тәуелсіздік күніне дейін бітіру керек қой. Мерекеде халыққа көңіл-күй сыйлауымыз керек қой. Ертерек болса, тіпті, жақсы. Ерте бітіргендеріңзі ерте бере бересіңдер. Кезекте тұрғандар көп. Қазіргі таңда өзі қала бойынша 14 300 кезекте тұр.


Берік Уәлиұлы мердігерлерге құрылысты мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Бұдан соң облыс әкімі Семейдегі мәдени нысандарды аралап көрді. 1940 жылы ашылған Абай музейінің қорында 22 мың жәдігер бар. Қор сақтау бөлмесінде 20 мыңнан астам жәдігер, кітапханада 16 мыңнан артық кітап сақтаулы. Кітапхана ашылғалы жөнделмеген. Жертөледегі құнды кітаптар мен жәдігерлер сыз тартып, бүліне бастапты.


ҰЛАН САҒАДИЕВ – АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Аймақ басшысының жалпы, осы мәдениет ошақтарына келіп, өзекті мәселелердің ішінде бірге болып, көруі үлкен бір үміт сыйлайды. Және осы мәселелердің жедел шешілуіне үлкен бір қолдау болады деген ойдамыз.


Облыс әкімі Семейдегі Абай театры мен Абай кітапханасына да барды. Театр ғимараты 1981 жылы салынған. Жылу және су жүйелерін ауыстыру қажет. Актерлердің жетіспеушілігі, әлеуметтік мәселелері қозғалды. Ал Абай кітапханасында 400 мыңнан астам кітап қоры бар. Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар қоры 5 жарым мыңға жуықтайды. Берік Уәлиұлы Абай музейі мен облыстық әмбебап кітапханаға ұлттық мәртебе беру туралы ұсынысты тиісті орындарға жеткізетінін айтты.


ЖАНЖІГІТ ОМАРХАН – ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Руханияттың жанашырлары болып жүрген қоғам белсенділері болсын, үлкендеріміз болсын, көкейлерінде жүрген осы сұрақ, осы мынау мәдениет нысандарымыздың тозып бара жатқандығы, мәдениет нысандарымыздың тарлығы дегенді. Соның бәрін ести отырып, облыс әкімі бүгін Абай облысы орталығы Семей қаласындағы нысандарды түгел аралап өтті. Барлық жағдаймен танысты. Алдағы жұмыс кестесіне сәйкес, жүзеге асырылатын болады.


Аймақ басшысы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде, облыстық тарихи-өлкетану музейінде болды. Мәселелерге қанықты. Жертөлелеріне түсіп тұрып, жәдігерлердің жағдайына жіті назар аударды. Күн сайын тозып, бүлініп бара жатқан құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Мәдени нысандарда жылдар бойы шешілмей, қордаланған мәселеге қанықты. Облыс басшысы ұлттық мұралардың назардан қалмайтын айтып, мәдени нысандар кезең-кезеңімен жөнделетінін атап өтті.

ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ