2021 жылы Семей қаласы Грек компаниясының қоқыс сұрыптау желісін 2,6 миллион еуроға сатып алды. Жабдық қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигонына арналған. Алайда полигонның өзі әлі салынбады. Ал миллиардтаған қаржы тұратын қоқыс жабдығы жарамсыз күйге түсті.


Сұрыптау желісі үш жыл бойы далада тұрды. Жаңбыр мен қардың астында, аптап ыстық пен аязда қалды. Мамандардың айтуынша, талапқа сай сақталмаған құрылғының кей компоненттері бүлінген. Енді желіні жөндеп, іске қосу үшін алдын ала есептеулерге қарағанда 1 миллион еуро қажет. Аса қымбат жабдықтың не себепті қараусыз қалғанын енді прокуратура тексеріп жатыр.


Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі маманының айтуынша, сұрыптау желісі жаңадан алынған кезде бір компанияға сақтауға берілген. 3 жыл өткен соң басқа компанияға тапсырылып отыр. Құнды жабдықтың істен шыққанын былтыр Грециядан арнайы келген мамандар анықтаған.


АСАН ДЮСЕМБАЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

«Неліктен 2021-жылы сұрыптау желісі басқа ұйымға берілді, мен оны айта алмаймын. Бұл, ең алдымен, 21-жылы болған қала әкімінің тапсырмасы. Ол кезде мен де осында істемедім. Білетінім, бұл сол кездегі қала әкімінің тапсырмасы болды. Бұл негізсіз бе? Дұрыс па? Оған менің ешқандай жауабым жоқ.»


ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары сақтау үшін сұрыптау желісін қабылдаған алғашқы ұйым тиісті жағдай жасамағанын растады. Өткен жылдың сәуір айында ғана құрылғы басқа компанияға сақтауға қойылды. Мамандардың айтуынша, техника қазір талапқа сай жерде тұр. Бірақ біраз жері істен шыққан. Әкімдік жаңа желі сатып алуды жоспарламайды. Оны жөндеу арзанға түседі.


АСАН ДЮСЕМБАЕВ – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бізге жаңасын сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені, ол үшін қосымша қаражат керек болады. Бұл желіні жөндеген дұрыс. Грециядан келген мамандар техникалық шарттарға қарап, қайта қалпына келтіруге болатынын айтты.»


Мамандардың алдын-ала ақпараты бойынша жабдықтың компьютерлік бөлігі жұмыс істеп тұр. Сұрыптау желісі мен ылғалдан зардап шеккен электрониканың бір бөлігін ауыстыру керек. Семейде тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысы осы жылдың маусым айында басталады. Жоба сараптамадан өтті, 100 гектар жер бөлінді. Құрылысты аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Жаңа полигон үшін алынған 2 миллион 600 мың еуро тұратын сұрыптау желісі не себепті үш жыл бойы қараусыз қалып, кімнің кінәсінен істен шыққанын қазір құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

НҰРГҮЛ САДЫҚОВА