Қос ауыл әкімі тәртіптік кеңесте жазаланды. Ал, оларға негізсіз тапсырма беріп, өзінің қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін Аягөз ауданының әкімі мен оның орынбасарының тәртіптік жауапкершілігін қарау мәселесі ұсынылды. Атқамінерлер мемлекеттік сатып алу шарты аясындағы кемшіліктерге көз жұма қарап, мердігер міндетін толық аяқтамаса да, жұмысты қабылдап қол қойып берген.


Даудың басы – Айғыз және Баршатас ауылдық округтеріндегі сумен жабдықтау желілерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына байланысты. Аталған қос елді-мекенмен «Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арасында 2020 жылы мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Шартта жұмыстарды сол жылдың тамыз айында аяқтау көрсетілген. Баршатастағы шарттың сомасы 18 млн теңгеге жуықтаса, Айғыздағы жөндеу құны 14 млн теңгеге бағаланған. Алайда жұмыс аяқсыз қалып, 2024 жылы Абай облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі де шыққан.


ДУЛАТ ХУСАИНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Мердігерге өзіне шарт бойынша алынған міндеттемелерді толық көлемде бітіру туралы міндеттеме жүктелген. Алайда оған қарамастан объектідегі жұмыстар бітпеген. Ауыл әкімдері сот орындаушыға мердігерге қоятын талап-тілегіміз жоқ деген хат жазған. Ал сот орындаушы бұл хаттың негізінде қозғалған атқарушылық істі тоқтатып,, мердігерді жауапкершіліктен босатып жіберген.


Мердігерге өз қолымен хат жазған әкімнің бірі Мереке Сыдықовты Айғыздықтар 2023 жылы өздері сайлаған. Кемшілікке көз жұма қараған басшы бұл әрекетке аудан әкімі орынбасарының ауызша берген тапсырмасынан кейін бардым деп отыр. Алайда өз ісінің заңсыз екенін біледі. 


МЕРЕКЕ СЫДЫҚОВ, АЙҒЫЗ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
2 млн 800 мың теңгенің жұмыстарына техрешение деген болады. Сонымен артығымен жұмыстар жасатып алғам. Бірақ ана ДВК-ға тексергенде былтыр сметамен қуалады да, сол кезде осындай жетіспеушіліктер шықты. Бірақ жарты суммасын жасаттырдым КГП Суға. Онда қазір 43 люк бар. Соның бетін ғана ауыстыру қалды. Пластиковый қойған, жақсы качественный. Сметада чугунный деп көрсетілген. Енді олар майдың 20 дейін жасаймыз деді.


«Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Аягөз ауданы бойынша 408 шақырым ауылдық және аудандық маңызы бар жолдар мен 17 ауылдық округтің ауызсу желісін күтіп ұстауға жауапты мекеме. Тәртіптік кеңесте негізсіз тапсырма бергенін мойындаған аудан әкімінің орынбасары бұл қадамды тығырықтан шығу жолы деп санадық дейді.


МЕДЕТ МЫРЗЫКЕШОВ, АЯГӨЗ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сол кездегі қала мен ауылдық округтердің жолдарын күтіп ұстауды ұтып алмаған жағдайда мекеменің банкротқа кетіп, 82 қызметкердің жұмыссыз қалуы, 17 ауылдық округтің суды күтіп ұстауы үрей болды, қорқыныш болды осындай. Сондықтан рисковать еттік.


Баршатас ауылындағы нысанда 3 млн теңгеден астам жұмыс орындалмаған. Ол ауылдың әкімі де өз қателігін мойындап отыр. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері өзара ақылдаса келіп, облыс басшылығына аудан әкімінің негізсіз тапсырма бергені және қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынды. Дәл осындай ұсыныс аудан әкімі орынбасарының үстінен де берілді. Ал, ауыл әкімдеріне қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Ермек Исабаев