Абай облысында БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті. Аймақ басшысы Берік Уәлидің қатысуымен өткен жиында осы саланың ардагерінен бастап әлі де ақпарат майданында жүрген мамандар түрлі марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, өңір журналистері арасында облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен сайыстың қорытындысы да шығып, жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетілді. Үздіктер арасында біздің де арна тілшілері бар.

Журналистер –қарусыз майданның жауынгерлері. Көптің көкейіндегі күрделі сауалға жауап іздейтін олар қоғамдағы ірі қозғаушы күш. Өңірдегі өзекті мәселелерді дереу әрі дәл уақытында қозғай білетін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімі арнайы құттықтап, олардың еңбектерін жоғары бағалады.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз Сіздерді өткір ой мен өрелі пікірдің жаршысы, ақиқат пен әділдіктің сенімді қорғаны ретінде ерекше құрметтейміз, бағалаймыз. Өздеріңізді ақпарат тарату құралы ретінде ғана емес, қоғамдық пікірдің қайнар көзі ретінде ғана емес, жұртшылықтың, бұқараның жанашыры, билікке бұқараның жанайқайын жеткізуші деп білемін. Өздеріңізге жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес еліміздің журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін арнамыздың бас редкторы Сайра Нүсіпбаева мен «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева «Құрмет» орденімен наградталды. Ал, «Abay Media Group» ЖШС директоры Мирас Малғаждаров «Шапағат» медалімен марапатталды.

САЙРА НҮСІПБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ «Semei» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ
Бұл үлкен награда менің еңбегіме деген құрмет әрі әріптестеріме деген құрмет деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер облыс тараған уақытта біздің арна 2 рет жабылып қала жаздады. Әріптестерімнің қажырлы еңбегі әрі көрермен қауымның қолдауының арқасында біз қызметімізді жалғастырып келе жатырмыз.Ақпарат айдынында өзіндік орнымыз бар. Сондықтан бұл марапат менің көрермендеріме, әріптестеріме көрсетілген құрмет деп қабылдаймын.
РИЗА МОЛДАШЕВА - "ABAI AIMAQ MEDIA" ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Облысымыз серпілістің үстінде тұр. Көп жобалар жүзеге асып жатыр. Көп істер жүзеге асып жатыр. Бізде қазір тыныштық жоқ. Қызу серпіліс үстінде облысымыз. Болашақта үлкен нәтиже болатынына күмәніміз жоқ. Тағы да айтып өткім келеді, журналист болған әкім басқарып отырған. Бұл кісінң еңбегіне біз табыс тілейміз.

Бұдан бөлек ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі жарты ғасырға жуық журналистикада еңбек етіп, өзіндік қолтаңба қалдырған ардагер журналист Ризвангүл Мұхамедоваға, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі Айман Шәріпханова, Кәусар Арықханқызына, әріптесіміз Сая Семейхановаға табысталды.

РИЗВАНГҮЛ МҰХАМЕДОВА, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ
Осы жиында әріптестерімнің үлкен марапатқа ие болғанына қуанып тұрмын. Журналистердің еңбегі лайықты бағаланып жатыр. Бұлда болса біздің егеменді Қазақстанның арқасы. Әріптестерімді осы марапаттарымен құттықтаймын. Ары қарай да жұмыстарын жақсы атқарып, облыста болып жатқан жақсы жаңалықтарды жұртшылыққа уақытында дәл, анық жеткізіп еңбектері жана берсін.
ФАРХАТ МАРАТҰЛЫ - КӨКПЕКТІ АУДАНДЫҚ «ЖҰЛДЫЗ-НОВАЯ ЖИЗНЬ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ
Журналистер қауымының ортасында жүргеннен кейін кәдімгідей қоғамның салмағы сезіледі. Журналист болғаннан кейін журналист адам өзі қаласа да, қаламаса да осы қоғамды белгілі-бір деңгейде тәрбиелейтін адам ғой. Ол тек ақпарат емес, ол мәдениетке де қатысты, руханиятқа да қатысты тіпті өнерге де қатысты.

Биыл облысымыздағы «Аягөз жаңалықтары» газеті - 95, «Абай елі» газеті - 90, «SEMEI» телеарнасы 60 жылдығын атап өтпек. Кәсіби мерекеде облыс әкімінің жүлдесі «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» байқауының жеңімпаздары 10 номинация бойынша марапатталды. Сонымен қатар облыс әкімінің арнайы сыйлығы және Алғыс хаты БАҚ ұжымдарына, журналистерге берілді.


Ермек Исабаев