Семей қаласында XXVI «Абай оқулары» өз мәресіне жетті. Ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған байқау үш күнге созылып, биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ауқымды шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы және Абай облысының білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Өңірлік кезеңдерде үздік атанған 130-дан астам оқушы ақтық сынға жолдама алып, бас жүлде үшін бақ сынады. Абай оқуларының мақсаты – мектеп оқушылары арасында қазақ әдебиеті мен руханиятына деген қызығушылықты арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармаларын насихаттау, елдің мәдени-эстетикалық мұрасының қоғамдағы рөлін нығайту.

ЕРҚҰЛАН НҰРТАЗАНОВ – «ДАРЫН» ОРТАЛЫҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДАМУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Абай оқулары – бұл жай ғана байқау емес. Бұл – жастарды рухани тәрбиелеу, шынайы дарындарды анықтау. Бұл – жастардың елімізге адал қызмет ететін отансүйгіш азамат болып қалыптасуына жол ашатын мәдени шара. Ал байқаудың халықаралық деңгейде өтуі – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – Абай сөзі Қазақстан шекарасынан асып, әлем жұртының жүрегінен орын алғанының дәлелі.

Байқау бес аталым бойынша өтті. Алғашқы кезеңге 1300-ден астам оқушы қатысып, тек 112-сі ақтық сынға өтті. Олардың қатарында 39 ауыл мектебінің оқушысы бар. Сондай-ақ, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай Ресейдің Алтай өлкесі, және Түрікменстаннан келген 20 халықаралық қатысушы бақ сынады. Павлодар облысының 10-сынып оқушысы Әлтайыр Әсет «Абайдың асыл мұрасы» аталымында бас жүлдені жеңіп алды. Ұзақ жылғы еңбектің арқасында биік белестерді бағындырған ол бұл байқауға алғаш рет қатысып отырған жоқ, келесі жылы да бақ сынауға ниетті.

ӘЛТАЙЫР ӘСЕТ – І ДӘРЕЖЕЛІ ДИПЛОМ ИЕГЕРІ
Биыл байқау халықаралық мәртебе алғандықтан, бәсекелестік өте жоғары болды. «Абайдың асыл мұрасы» номинациясында шамамен 30 қатысушы бақ сынады. Шетелден келген қатысушылар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сонымен қатар, 200-ден астам Абай шығармасын жатқа білетін жастардың бар екені қуантады. Бұл байқау – біз үшін өз мүмкіндігімізді көрсетуге үлкен мүмкіндік болды.

Байқау қорытындысы бойынша 65 оқушы жүлдегер атанды. Оның ішінде 15 қатысушы І дәрежелі диплом және алтын медальмен, 20 оқушы ІІ дәрежелі дипломмен, 30 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Халықаралық қатысушылар арасынан да жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысынан келген Алмаз Айберікұлы «Абай» журналының арнайы жүлдесіне ие болды.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА