«Заң мен Тәртіп» республикалық акциясы аясында Абай облыстық полиция департаментінде Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл іс-шара жастар мен қала тұрғындары үшін полиция қызметін жақынырақ танып, құқық қорғау саласына деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік берді.
Ашық есік күніне 50-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында қала тұрғындары, қоғам белсенділер мен студеттер бар. Қатысушылар алдымен арнайы техникалармен, өзін-өзі қорғау әдістері, қызметтік иттер мен атты әскердің жұмысымен танысты. Әрі қарай, қару-жарақтың заманауи үлгілері мен полиция қызметкерлерінің арнайы киімдері, криминалистік жабдықтар көрсетілді. Келушілер Оперативтік басқару орталығына экскурсия жасап, «102» мобильді қосымшасы арқылы қоңырау шалу тәжірибесін сынап көрді. Олар шұғыл қоңыраулардың қалай қабылданып, нақты уақытта қалай өңделетінін бақылап, азаматтардың өтініштеріне көрсетілетін жедел көмектің жұмысын өз көздерімен көрді.
ДИДАР СМАҒҰЛОВ- АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ТӘРБИЕ ЖӘНЕ КАДР ЖҰМЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ
Бүгінгі ашық есік күні республикалық «Заң және тәртіп» акциясы аясында өтіп жатыр. Оның басты мақсаты-азаматтардың полцияға деген сенімін нығайту. Біздің қызметті халыққа барынша ашық әрі түсінікті ету. Адамдар полиция формасының артында тек құқық қорғау өкілі ғана емес, өзінің міндетін, жауапкершілігін сезінетін жан екенін көрсеткіміз келеді.
Ашық есік күніне қатысқан студенттер мен қала тұрғындары бұл шара олардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, полиция қызметі туралы жаңаша көзқарас қалыптастырғанын айтты. Жаңа оқу бітірген түлек Айжан Қазыбекқызы полиция қызметкері болуды мақсат етіп отыр. Ол криминалистика саласына және заманауи қару-жарақ үлгілеріне ерекше қызығушылық танытқанын жеткізді.
АЙЖАН ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ- МЕКТЕП ТҮЛЕГІ
Мен қазір академияға түсуге дайындалып жатырмын, мектепті енді бітірдім. Бұл шара маған өте ұнап жатыр, өзім осы салаға қызығамын, бәрін түсініп отырмын. Қойғым келген барлық сұрақтарға жауап алып жатырмын, бәрі көңілімнен шығып жатыр. Әсіресе криминалистика бағыты қатты қызықтырды. Сонымен қатар арнайы жасақтың қару-жарақтары ерекше әсер қалдырды.
АЙНАГҮЛ ЖАҢБЫРБАЕВА-ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осындай шараны ұйымдастырып, халыққа қазіргі заманауи техникаларды көрсетіп жатқаны өте дұрыс деп ойлаймын. Біздің Отанымыздың тыныштығын сақтап жүрген азаматтардың еңбегі зор. Бұл шара болашақ ұрпақ үшін де өте қажет.
Ашық есік күні - бұл полиция мен қоғам арасындағы ашық диалог алаңы. Мұндай іс-шаралар жастарға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берсе, тұрғындарға құқық қорғау органдарының қолжетімді және ашық екенін көрсететін маңызды шара.
АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА