Облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданының Әуезов кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады. Үш мыңнан астам тұрғыны бар бұл ірі елді мекендегі балабақша, мәдениет үйі мен спорт модулі сияқты мекемелердің жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы әуелі «Аққу» бөбекжай-балабақшасына барды. Мектепке дейінгі тәрбие орны 2016 жылы- «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігімен толық жөндеуден өткізілген. Қазіргі таңда 140 орындық балабақшада 6 топ бар. Мұнда 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Мекемеде 12 тәрбиеші қызмет атқарады. Мұндағы өзекті мәселенің бірі – ата-аналар тарапынан баланың тамақтануына балабақшаға төленетін қаражат мөлшерінің аздығы. «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің басшылығы осыны қайта қарап, көтеруді ұсынды. Бұл балабақшаның материалдық-техникалық базасын жаңарту және қосымша қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отыр. Аймақ басшысы бұл мәселені өз бақылауына алатынын, тиісті министрлікпен бірлесіп шешім қабылданатынын айтты.
Әрі қарай облыс әкімі ауылдағы мәдениет үйіне жол тартты. Мәдениет үйі 2021 жылы пайдалануға берілген. Нысан «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігімен бой көтерген. Ғимаратта 400 орындық көрермен залы, 13 мың кітап қоры бар кітапхана және 9 үйірме бөлмесі бар. Би, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал, фортепиано, домбыра және шешендік өнер үйірмелері жұмыс істейді.
Облыс әкімі Мәдениет үйін аралап, жұмысымен танысып шыққан соң ауылдың ақсақалдарымен кездесті. Ауданда атқарылатын жұмыстар туралы айтты.
Бұдан кейін аймақ басшысы кенттегі модульдік спорт залды да көрді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтерген спорт кешені 2024 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілген. Спорт залының жалпы аумағы 1380 шаршы метр. Қазір мұнда ауыл жастары волейбол, футбол сияқты спорт түрлерімен шұғылданады.

АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА