Абай облысында шомылу маусымы басталғалы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Құтқарушылар өзен жағасын күнделікті патрульдеп, судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мамандар шомылуға рұқсат етілген арнайы жағажайларды таңдауға кеңес береді.

Абай облысында өткен жылы 17 адам суға батып кеткен, оның үшеуі бала. Биылғы шомылу маусымы басталғалы екі адам суға кеткен. 18 адам құтқарылып, оның ішінде төрт бала аман қалды. Облыс бойынша 32 жаяу және 16 су патрулі құрылған.

МАНАРБЕК ШАПАҒАТОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Ең басты және бірінші ереже – суға мас күйінде түсуге мүлдем болмайды. Сонымен қатар, судың температурасын міндетті түрде ескеру керек. Ауа температурасы 30 градустан жоғары болғанымен, су салқын болса, аяқ-қолдың сіңірі тартылып қалуы мүмкін. Әсіресе, егде жастағы адамдарда жүрек тоқтап қалу қаупі бар. Егер шомылып жатқан жеріңіз жабдықталмаған жағажай болса, онда оның түбі зерттелмеген, қандай қауіп бар екенін ешкім білмейді. Ал рұқсат етілген жағажайларда судың түбі міндетті түрде біздің сүңгуірлермен тексеріледі. Түбінде қауіпті заттар немесе жер бедерінің қауіпті өзгерістері бар-жоғы анықталып тұрады.

Семей қаласының аумағындағы Ертіс өзенінің ұзындығы шамамен 30 шақырым. Бұл аралықта жабдықталмаған, рұқсат етілмеген жағажайлар өте көп. Сондықтан құтқарушылар күнделікті осы аймақтарды патрульдеп, бақылауды күшейтуде. Мамандардың айтуынша, ең қауіпсіз шомылу аймағы- арнайы белгіленген жағажайлар. Мәселен, Семей қаласында ашылған «Заря» коммуналдық жағажайы барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған: мұнда құтқарушылар бар, алғашқы медициналық көмек көрсететін пункт жұмыс істейді, моторлы қайық, арнайы құралдар дайын. Құтқарушылар қала тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелерін күнделікті түсіндіруде. Жағажайларда арнайы дрондар арқылы қауіпсіздік туралы дыбыстық хабарламалар да жарияланып, демалушыларға үнемі ескерту жасалып отырады. Сондай-ақ, шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларда шомылу өте қауіпті екені ескертіледі.

Қауіпсіздік шарасын сақтау керек міндетті түрде. Мұнда келгенде адамдар көбіне демалады. Ішімдік не оның бәрін қолдануға болмайды, бала-шаға жүреді. Мен өзімде мінде дочкаммен келдім, қарап отырмын. Қалдыруға болмайды баланы. Бірақ момент, бірақ сәт қажет қой суға тұншығып қалуға балаға, сондықтан оны сақтап, көзден таса қылмау керек.
Қауіпсіздік шараларын сақтау керек, кішкентай балалардың бәріне қарау керек. Масаң күйде суға түспеу керек.
Естіп жатырмыз, дрон жүр, айтып жатыр, ескерту жағын айтып жатыр бізге. Аяқты тартылып қалады, одан жағдай болады. Біз қазір семьямен отырмыз, абал-шағамен, қарап отырмыз.

Құтқарушылар қала тұрғындарын арнайы рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға шақырады. Ондай жерлердегі су түбі сүңгуірлермен тексеріледі, сондай-ақ арнайы мамандар кезекшілік етеді.

ЖӘНІБЕК ҚАБДУЛИН, КӘСІПКЕР
Біз қазір «Заря» жағажайында тұрмыз. Бұл жағажай ресми түрде екінші жыл жұмыс істеп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, кейбір кемшіліктер болған еді. Өйткені біз былтыр жағажайды тек шілде айының соңында ашқан болатынбыз. Биыл біз жағажайды толық жаңарттық. Былтыр болмаған жаңа нысандар салынды: екі қоғамдық дәретхана, киім ауыстыру бөлмесі, душ кабиналары қосылды. Құтқару қайығын сатып алдық. Жағажай аумағы қоршалды, тұрғындардың жайлылығы үшін арнайы шатырлар мен жататын орындар орнатылды. Ең бастысы – жағажай тегін. Тұрғындардан тек бір ғана өтінішіміз бар – тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау.

Облыста барлығы 20 коммуналдық жағажай бар, олардың бірі - Алакөл маңында жазда туристер көп шоғырланатын аймақта орналасқан. Төтенше жағдайлар депаратаменті бұл аймақта да қауіпсіздік шараларын күшейткен. Су -сергектік пен демалыс орны болғанымен, қауіп те төндіруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, қарапайым ережелерді сақтау өз өміріңізді және жақындарыңыздың өмірін қорғаудың ең тиімді жолы.


А.ӘЛИХАНОВА