Ұлы Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Семейге сый жасаушылардың саны артып келеді. Солардың алғашқыларының қатарында Мақаншы ауданы бар. Шегара шегіндегі жерлестеріміз 16 қанатты ақ шаңқан киіз үйді «Бейбітшілік» аралына тігіп берді. Енді қала тұрғындары мен қонақтары аралды аралай жүріп, киіз үйден ұлттық тағамдардан дәм тата алады. Шалғайдағы ағайынның тартуын жоғары бағалаған аймақ басшысы Берік Уәли қалалықтар атынан алғыс айтты.

Семейдегі көрікті жерлердің бірі «Бейбітшілік» аралы тіптен құлпыра түсті. Аралдың ажарына әр, сымбатына сән қосып тұрған мына бір ақ үйді Мақаншы ауданы тігіп берді. Облысымызда өтіп жатқан «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы қарсаңында ақ үйдің шаңырақ көтеруіне куә болған аймақ басшысы шараның мәні үлкен екеніне тоқталды.

 Берік Уәли, Абай облысының әкімі
Бұл өте үлкен құптарлық іс. Сол себептен басқаларға үлгі болатын іс. Біз қуанышпен қарсы аламыз. Қабыл аламыз. Мына туған жерге туың тік дегенде мақаншылықтар сөзбен емес іспен киіз үйін тігіп бастап кетті десек те болады. Киіз үйін тікті. Туған жерге өз үлестерін қосып жатыр. Міне, оның мән-мағынасы өте зор. Ұлы Абайдың 180 жылдығы қарсаңында осындай киіз үйді тарту еткен Мақаншы жұртына тағы да алғысымызды білдіреміз.

16 қанатты үйдің аумағы да үлкен. Бір мезетте 150-ге жуық адам еркін сыйып кетеді. Еңсесі биік, алыстан мен мұндалап көрінетін киіз үй қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетіп, сейіл құрушылар емін-еркін кіріп дәм тата алады.

Дәурен Қойгелдин Мақаншы ауданының әкімі
Мақаншы ауданынан шыққан кәсіпкерлер бар Алматыда, Семей қаласында тұратын. Сол кәсіпкерлердің көмегімен бүгінгі күні осы киіз үйді сый етіп оның ішіндегі оформлениесі бар, сырт келбеті бар соның бәрін осы Мақаншы ауданынан шыққан кәсіпкерлер, ағайындардың арқасында бүгінгі күні Семей қаласына сыға беріп отырмыз.

Киіз үйдің ашылуында қайта жаңғырған атақты «Інжі-маржан» ансамблі өнер көрсетті. Осыдан үш ай бұрын Мақаншы ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі өнер ұжымын қайта жандандыру қажеттігін айтқан болатын. Бастама жүзеге асып, бөлінген қаражаттың арқасында ансамбль өз жұмысына кірісті. «Бейбітшілік» аралына тігілген киіз үй – мақаншылық ағайынның ауызбіршілігін көрсетеді.


Ермек Исабаев