Облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданына жұмыс сапары барысында Шар қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Шар – бұрын аудан орталығы болған, 6 жарым мыңнан астам халқы бар қала.
Аймақ басшысы шаһардағы Шар қалалық мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 1960 жылы салынған Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстары «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Облыс әкімі мердігерлерге жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
ӘЛІБЕК БАЙХАДЖАЕВ – ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БІРІНІШІ ОРЫНБАСАРЫ
Сәуір айында Шар қаласының Мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Бүгінгі күні жұмыстардың шамамен 60 пайызы атқарылды. Қазіргі таңда 28-29 адам жұмыс істеуде. Ашылуы 30 қыркүйекке жоспарланған.
Содан кейін аймақ басшысы Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің жұмысымен де танысты. Мектепте 243 оқушы білім алады, 40 мұғалім еңбек етеді. Биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Білім ордасы 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қазақ тілі пәні кабинеті ашылып, STEM, химия, биология, физика және робототехника кабинеттері мен кітапхана жаңартылған. Атап өтерлігі, мектептің дәліздері ерекше үлгіде безендірілген. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Мектеп ішінде 50 орындық балабақша да бар. Облыс әкімі мектептің кабинеттерін, кітапханасын көріп, тәрбие бағытындағы жобаларын жоғары бағалап, Білім басқармасына басқа мектептерге үлгі ретінде ұсыну қажеттігін айтты. Аймақ басшысы мектеп алдында Шардың ақсақалдарымен, белсенді азаматтармен кездесті. Олар қаланы дамытуға қатысты қабылданған «Жол картасын» ары қарай жалғастыруды, Амангелді көшесінің жолын жөндеп беруді сұрады.
Біріншісі осыдан екі жыл бұрын Шар қаласы бойынша жол картасы қабылданған. Сол жол картасы тоқтап қалмаса деген өтініш. Екіншісі осы жол картасы кірмей қалған бізде ең үлкен Амангелді көшесі бар. Сол Амангелді көшесін жолды жөндеп беруге ықпал етсеңіз.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Қамқор-Локомотив» ЖШС құрамындағы Шар локомотив жөндеу депосының өндірістік әлеуетімен танысты.1935 жылы негізі қаланған бұл өндіріс орны бүгінгі таңда өңірдің ірі техникалық кәсіпорындарының бірі саналады. Мұнда 155 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Депо локомотивтерге сервистік қызмет көрсетумен және доңғалақ жұптарын жөндеумен айналысады. Жалпы ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын алаңында механикалық, электр-аппараттық, автоматтандырылған, дәнекерлеу, бояу, құрастыру, техникалық бақылау, сондай-ақ доңғалақ жұптарын толық қалыпқа келтіру цехтары орналасқан. Сонымен қатар, кәсіпорын құрамында жөндеу аймағы, отындық, шанақ және агрегаттық цехтар бар. Мұнда жылына 900-ге жуық техника жөнделеді.
ЖҰМАБЕК БЕЙСЕНОВ – ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОР
Біздің мекемеге облыс әкімі Берік Уәли келіп кетті. Ол кісі біздің ғимаратты көріп, ұжыммен танысып, жұмысымыздың бәрін көрді. Біз ол кісіге өзіміздің алға қойған жоспарымызды, міндетімізді айтып түсіндірдік. Алдымызда тұрған биылғы бірінші маусымда ұжымның 90 жылдық мерейтойы бар. Сол туралы айттық. Шешілмей жатқан мәселелерді айтып едік, ол кісі сол мәселелерді шешіп берді. Ол кісіге көп рахмет.
Бұл кәсіпорында Шар қаласы тұрғындарының көпшілігі жұмыс істейді. Орташа жалақы 300 мыңнан асады. Облыс әкімі биыл 90 жылдығын атап өтетін мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА