Бүгін - мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Мәні зор мерекеге орай, «Адал қызмет – Алаш аманаты» атты жиын өтті. Ел мүддесі үшін еңбек етіп, қоғам мен билік арасына дәнекер болған үздіктер марапатталды, жас мамандар ант қабылдады, аға буынға лайықты құрмет көрсетілді. Айта кетейік, бұл күнде Семей қаласында мемлекеттік секторда 250-ге жуық қызметші еңбек етуде.
Мемлекеттік қызметші болу анау айтқандай оңай емес. Ел алдындағы аманаттың, халық алдындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Әлбетте, ұлтқа қызмет етудің үлкені мен кішісі болмайды. Бұл жолды таңдаған әрбір азамат өзінің кәсіби шеберлігімен, адалдығымен, парасатымен қоғамға үлгі болуы тиіс. Ғұмырының 40 жылын халық игілігіне арнаған Маймұрат Уәлиев осылай дейді.
МАЙМҰРАТ УӘЛИЕВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Ең алдымен қарапайымдылық. Содан кейін бәрін байқау керек. Өзі тәрбиелі болуы керек. Білімді болуы керек. Сонда үлгі алады адамдар. Қасында жүрген адамдардың бәрі үлгі алады, өзі басшыдан. Басшы қалай жүрсе, қалай сөйлесе, әр адамға қалай қараса, қасындағы адамдар да солай үлгі алады ғой.
Мемлекеттік қызмет - тәртіп пен тұрақтылықты, білім мен біліктілікті, адалдық пен табандылықты талап ететін сала. «Бұл күні ұлтқа қызмет етуді өмірінің мәні мен мақсатына айналдырған жандардың мерекесі», деді Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев.
БЕКЖАН БАПЫШЕВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл сөз – бүгінгі күнде де өз маңызын жоймаған асыл ұстаным болып табылады. Осы орайда, бүгінгі шарамызға қатысып отырған ардагер, мемлекеттік қызметшілерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлестеріңіз – біз үшін өшпес өнеге. Сіздерге қарап бой түзейміз, сіздерден үйренеміз.
Мемлекеттік қызмет саласына еңбегі сіңген, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен аға буынға құрмет көрсетілді. Әлбетте, бұл ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі іспетті. Сондай-ақ, елдік жолда еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Еңбегі еленгендер арасында қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қарлығаш Салюбова да бар.
ҚАРЛЫҒАШ САЛЮБОВА, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Бүгін мен қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып жатырмын. Менің еңбегімді бағалап жатқаны үшін алғыс айтамын. Бәріміз халқымыздың игілігі үшін еңбек ете берейік».
Осы жолға қадам басқан әрбір азамат елге, халыққа адал қызмет етуге серт береді. Бүгін алғаш рет мемлекеттік қызметке келген жас мамандар ант қабылдады.
БЕКАРЫС ДӘЛЕЛҚАН, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Мемлекеттік қызмет атқаруды, қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіруді бағалап, Қазақстан халқының алдында өзімнің биік жауапкершілігімді сезініп, елдің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқыма адал да білікті қызмет етуге салнатты түрде ант етемін.
Қос кәсіби мереке, бүгін. Полиция қызметкерлерінің де күні. Демалыс күні жоғалып кеткен кішкентай баланы тауып алған Асыл Бекен мен Дархан Жұмағалиев еді. Азаматтар төл мерекесінде алғысқа бөленді.
АСЫЛ БЕКЕН, УЧАСТКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ
Түнімен іздедік. Қараңғы болды. Таңға жақын, таңғы уақытта, күн ұясынан шыға бастаған кезде жаңағы орман ішінде, Шығыс бағытқа қарай іздеп келе жатқанда жолда баланың жалаңаяқ ізі шықты. Сол ізге түсу арқылы біз таудың басынан көріп, сол орман ішінен тауып алдық. Көрген бетте тоңып қалған болды. Көп денесін маса шаққан.
Ерліктің де үлкені мен кішісі болмайды. Өз қызметімізді ғана өтедік, дейді полиция қызметкерлері. Ал ұлтқа қызмет етудің үлгісін сөзімен де, ісімен де көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметшілер үшін бүгін расында айтулы күн, айрықша мереке.