Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Абай облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде үш мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі мен өзге де алдын алу мәселелері қаралды.

Кеңес отырысында департамент тарапынан жүргізілген бірқатар мәселе төңірегіндегі талдаулар нәтижелері қаралды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жайына жан-жақты тоқталды.

РУСЛАН ШАРИПОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ
Мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесінде үлкен көңіл бөлініп келеді. Нақты айтатын болсам, мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысына шығу шығындарын өтеу, мерзімдерінің сақталуына, сондай-ақ іс-сапар шығындарының дер кезінде төленуіне департамент тарапынан талдау жүргізілген.

Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік ісі бойынша тиісті мамандар оқиғаның мән-жайын егжей – тегжейлі баяндады. Кеңес мүшелері олқылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілердің уәжін тыңдады. Тәртіптік істің екеуі қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта пайдалануға қатысты, бір іс прокуратурының ұсынуы негізінде қозғалған.

ДУЛАТ ХУСАИНОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ
Әдеп жөніндегі уәкілмен және Мемлекеттік қызмет істері агенттіктің Абай облысы бойынша департамент өкілдерінің бірлесіп жүргізіп жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, жекелеген мемлекеттік органдарда қызметтік автокөлікті жеке мақсаттарға пайдалану фактілері орын алуда.

Қызметтік автокөлікті жеке мақсатқа пайдаланғаны үшін екі мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексінің 6-тармағының 8-тармақшасында көрсетілгендей, ескерту түріндегі тәртіптік жазасын қолдану туралы ұсыныс берілді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының бұзылу дерегі бойынша үшінші мемлекеттік қызметшіге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағы 5-тармақшасында көзделген «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасын қолдану туралы ұсыныс берілді.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ