Қоғамның дамуы - білім беру жүйесінің сапасымен тікелей байланысты. Осыны ескерген мемлекет елімізде жаңа форматтағы мектептер ашуға ерекше мән беріп отыр. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бүгінде «Келешек мектебі» ретінде жаңа мазмұнмен жүзеге асырылуда. Бұл жайлы орта, заманауи инфрақұрылым және барша бала үшін сапалы білімге тең қолжетімділік. Абай облысында осы ұлттық жоба аясында бірнеше білім ордасы ашылды. Соның бірі Семей қаласындағы №51 мектеп.

«Келешек мектебі» заманауи білім беру кеңістігін құруға арналған стратегиялық жоба. Оның негізгі мақсаты - барлық оқушыға, орналасқан жеріне қарамастан, қауіпсіз әрі сапалы білім алуға мүмкіндік беру. Жобаның ерекшелігі тек ғимарат салумен шектелмей, оқыту мен тәрбиенің жаңа форматын ұсыну. 2024 жылы Абай облысында үш мектептің құрылысы аяқталды. Қарағайлы мен Водный кентінде және Бесқарағай ауылында ашылған жаңа мектептер қазіргі таңда жүздеген баланы қабылдап отыр. Құрылысы жүріп жатқан тағы екі нысан 2025 жылы қолданысқа берілмек.

АЙЖАН КУРМАНОВА, АБАЙ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жаңа мектептердің басты ерекшеліктерінің бірі-жұмсақ жиһаздармен, кітаптармен, музыкалық аспаптармен және үстел ойындарымен жабдықталған оқушылар мен оқытушылар үшін демалыс орындарының болуы. Сонымен қатар, білім беру мекемелері заманауи бейнебақылау және қол жеткізуді бақылау жүйелерімен жабдықталған. Мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Осылайша балалардың қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Семей қаласындағы №51 мектеп «Келешек мектебі» жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасының үлгісі. 2025 жылдың сәуір айында ашылған білім ұясында бүгінде 1683 оқушы білім алып жатыр. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған мектепте пәндік кабинеттер, зертханалар мен зерттеу орталықтары оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап отыр.

ҚАЙЫРБЕК АБЫЛҚАСЫМОВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ №51 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
33 пән кабинеті, 3 информатика кабинеті, робототехника және STEM-зертхана, 3 зертхана, көркем еңбек және технология шеберханалары, заманауи асхана мен кітапхана, ресурстық орталық, жеке шкафтар – барлығы оқушылардың жайлы және сапалы білім алуына жағдай жасайды.

Оқу ордасының материалдық-техникалық жабдықталуы білім сапасына оң әсер етіп отыр. Білім беру процесінде цифрлық технологияларды қолдану мектептің басты бағыттарының бірі. Ал инклюзивті орта құру басымдық берілген бағыт.

ҚАЙЫРБЕК АБЫЛҚАСЫМОВ, №51 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Мектеп ғимараты мүмкіндігі шектеулі балалар үшін толық бейімделген: пандустар, тактильді жолақтар, лифт, арнайы санитарлық тораптар, өрт қауіпсіздігі жүйесі, турникеттер, 14 эвакуациялық шығу және 4 баспалдақ қарастырылған. Бұл – кез келген баланың мектепке ешқандай кедергісіз келіп, өзін тең сезінуі үшін жасалған жағдай.

«Келешек мектебі» - бұл еліміздің әр баласына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін ауқымды бастама. Қауіпсіз әрі қолайлы орта, заманауи инфрақұрылым, жаңашыл көзқарасты тоғыстырады. Жоба ұлт келешегіне аса қажет жүйелі шешім.


А.ӘЛИХАНОВА