Науқан қыза түсті. Референдумға екі аптадан сәл ғана уақыт қалды. Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 86,5%-ы жаңа Конституция жобасын қолдайды. Референдумға қатысуға дайын екенін білдіргендер үлесі – 70,7%. Ал 11,6%-ы дауыс беруге бармайтынын айтса, 17,7%-ы әлі нақты шешім қабылдамаған. Семей қаласында алдағы референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Өңірлік коалиция белсенділері сауда орталықтарында тұрғындармен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді. Олар буклеттер таратып, ел өміріндегі маңызды кезеңге бейжай қарамай, өз азаматтық құқықтарын пайдаланып, дауыс беруге қатысуға шақырды. Буклеттерде референдум туралы және жаңа Конституцияның қалай әзірленгені жөнінде мәлімет берілген. Сонымен қатар QR-код арқылы жоба мәтінімен танысуға болады.