Auylga.kz. Ауылға көшуді ойлап жүрсеңіз барлық ақпарат осында. Сайт осы аптада өз жұмысын бастайды. Платформа қаладан ауылдық жерге қоныс аударуды жоспарлаған азаматтардың негізгі көмекшісіне айналмақ. Ол елдімекендегі тіршілік, мемлекеттік қолдау бағдарламары және жұмысқа орналасу туралы барлық қажетті ақпаратты бір кеңістікке топтастырған. Сайт арқылы кез келген азамат көшуге болатын ауылдар жөнінде, сондай-ақ әр елді мекен ұсынатын жеңілдіктер туралы толық мәлімет алады. Бұдан бөлек, платформаға enbek.kz сайты да біріктіріліп, пайдаланушылар өздеріне жұмыс орындарын қарай алады. Азаматтарға жедел көмек көрсету мақсатында жуық арада 109 колл-орталығы аясында арнайы желі іске қосылады. Операторлар бағыт-бағдар беріп, қажетті құжаттар тізімін түсіндіреді. Өңірлік квоталарға қатысты сұрақтарға жауап береді. Жаңа платформа ауылдық аймақтарға мұғалім, дәрігер және аграрлық сала өкілдерін тартуға мүмкіндік беріп, олардың жаңа жерге қоныстануына ықпал етпек.