Бүгін аймақтың басшысы Берік Уәли Бородулиха ауданына барды. Сапар барысында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтар жол, жарықтандыру, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы, абаттандыру, көше жөндеу, техникалық жабдықтау, тұрғын-үй және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді.
Қабылдауға келгендер жеке бастың мәселесін күйттемеді. Ауылдың ахуалын, елдің жағдайын айтты. Мәселен, Ауыл станциясының тұрғыны Маратбек Нұркешев ауылдастарының мынадай мәселесін облыс әкіміне жеткізді.
МАРАТБЕК НҰРКЕШЕВ, АУЫЛ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Станция ауылының бір мәселесімен келіп отырмын. Сол свет мәселесі. Балаларға кеш басталғанда қап – қараңғы. Таңертең қыс уақытында қиындау балаларға. Свет жоқ.
Ауылдағы көшені жарықтандыруға сметалық кұжаттар әзірленген. Жоба құны – 10 миллион, 500 мың теңге. Қаржыландыру келесі жылы қаралады. Облыс әкімі мәселе оң шешімін табатынын айтты.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Енді ол жерде көп ақша емес. Соны енді ауыл халқына сәлем айтыңыз. Жасаймыз. Жоспарымызда бар бұл мәселе.
Ал Оразалы Күсеновті аудан орталығындағы жолдардың жайы алаңдатады. Адамдар жиі жүретін көшелерге асфальт қашан төсейтінін сұрай келіпті.
ОРАЗАЛЫ КҮСЕНОВ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ
Бүгінгі күні оншақты көшелер, ішінде үшеуіне енді өзіңізден сұрайтынымыз, жылдың басында бәрі, документтердің бәрі қалаға жіберілген комиссияға. Соны қарап, соған көңіл бөліп, жалақы керек, асфальт төсесе ол да жақсы болушы еді. Бородулихамыздың кіреберіс бірінші көшелері әлі щебенкада жатыр. Жасырмаймыз оны бар. Үш көше, өзім айтқан – Тәуелсіз көшесі, Достық көшесі, Түсіпжанов көшесі.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, сәуір айында облыстық бюджеттік комиссияның қарауына Бородулиха ауылының 15 көшесін орташа жөндеуге 440,7 млн. теңгеге өтінім тапсырылған. Алайда, өтінім қолдау таппаған. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың кезекті отырысына, бюджеттік комиссиясының қарауына қайта ұсынылады. Осы ретте облыс әкімі аудан орталығының ішкі жолдарын жөндеудің маңызын атады.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Шынымен де аудан орталығының ішкі жолдары дұрыс болмаса, басқа ауылдар туралы айту қиын. Сол себепті бірінші ауданның орталығынан бастауымыз керек. Бұл бойынша бізде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бар ғой. Соның аясында елдімекен көшелерін орташа жөндеу үшін бюджеттен ақша қарастырылған. Мен аудан әкіміне тапсырма бергенмін. Сол бойынша біз жұмыстарын бастаймыз. Биыл жобалау – сметалық құжаттарын, ПЗД дейміз ғой, соны дайындап өткізеді. Сол бойынша биылғы үш көше, қалғандарын біз кезең – кезеңмен ары қарай жасаймыз.
Тұрғындар облыс әкіміне Жерновка ауылындағы клуб құрылысын қаржыландыру, Жезкент кентін көркейту мақсатында кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеу, Жаңа Шүлбі ауылында жетім балаларға арналған интернат жанынан жабық хоккей алаңын салу және Петропавловка ауылындағы жолдарды жөндеу секілді ұсыныстарын айтты. Новопакровка ауылында жаңа мәдениет үйін салу туралы да назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берді. «Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Жеке бақылауымда болады», деді аймақ басшысы.