Елімізде күрделі ауытқулары бар балаларды өмірге бейімдеуге көмектесетін қоғамдық бірлестік бар. Аталған ұйым шетелдік мамандармен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, өздерінің модельін құрастырған. Бүгінде осы тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын мамандарға үйретіп дәріс беріп жүр. Олар біздің де облыста болып қайтты.
Психоневрологиялық сырқаты немесе күрделі патологиясы бар балаларды бағып-қағу оңай емес. Балаға ерекше күтім, ал күтушіге темірдей төзім керек. Оларды күнделікті өмірге, қоғамға бейімдеу үшін дәстүрлі жаттығулар аздық етеді. Заманауи стратегиялар, жаңа әдістер қажет. Елімізде соңғы 34 жылдан бері жұмыс жасайтын «Кеңес» орталығы осы сұранысты қанағаттандырып келеді.
Майра Сүлеева, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Кеңес» орталығының бас директоры
Біздегі техникалар мен әдістер ғылыми дәлелденген. Біз Италияның Милан қаласындағы ғылыми-зерттеу институтымен тұрақты әрі тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Ұзақ жылғы тиімді жұмысымыздың нәтижесінде бізден көмек алушы күрделі патологиясы бар балаларда оң көрсеткіштер байқалуда.
Алматылық мамандар 4 күн бойы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын семейлік дәрігер, дефектолог, әлеуметтік қызметкер, психолог, логопед, тәрбиешілерге дәріс беріп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Дәріс барысында баланың өзі жеке бас күтімінен бастап еңбек, күнделікті тұрмыс дағдыларына үйрену, әлеуметтік ортаға бейімделуіне қатысты жаңашылдықтар айтылады.
Айқын Бітімбаев - Абай облысының мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығының директоры
Бүгінгі семинарда атап айтатындай жақсы үрдістер алып жатыр. Өздерінің білгендерін біздің мамандарға үйретіп жатыр. Осындай оқу семинарлар біздің мамандарға аса қажет. Алдағы уақытта осындай шаралар көп өткізілсе деген ойдамыз.
Семейде 2023 жылы пайдалануға берілген орталық 150 адамға арналған. Оның 75 –і психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар. Оларды өмірге бейімдеуде жаңа тәсілдердің берерк көп. Оқу-семинарлары Үржар, Аягөз аудандарында да жалғасып, сала мамандары оқытылды.
Ермек Исабаев