Биыл Абай оқулары халықаралық деңгейге шықты. Хәкімнің туғанына 180 жыл толуына орайластырылған сайыстың ерекшелігі – географиялық ауқымының кеңейгені. Шығармашылық сайыста көршілес Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан республикалары мен Ресейдің Алтай аймағынан үміткерлер бақтарын сынауда. Білім бәйгесі 8-11 сынып оқушыларын қамтиды.
Гүлсива Сапаралиева биылғы Абай оқуларына қатысушы 140 мектеп оқушысының бірі. Өзбекстан Республикасынан келген қандасымыз ғұлама ойшылдың 20 –ға жуық өлеңінен бөлек әндерін, қара сөздерін ішінара жатқа біледі. Жат жерде жүрсек те, ақын атамызға деген құрметіміз ерекше. Шығармашылығына тәнтіміз, шекараның арғы бетіндегі ағайын Абай ілімін жолбастар темірқазық деп біледі, дейді. Ақынның мұрасына деген сүйіспеншілік оны 2 мың шақырым алыста жатқан Семей жеріне жетеледі.
ГҮЛСИВА САПАРАЛИЕВА – САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (ӨЗБЕКСТАН)
Бізде мектептерде өтеді сабақтар. Абай Құнанбай атамызды өте жақсы білеміз. Танимыз. Шығармаларын, өлеңдерін, жазған поэмаларын өте сүйсіне оқимыз.Өте бізге ұнайды.
Гүлсивадан бөлек сайысқа Түркіменстан, Моңғолия республикалары мен Ресейдің Алтай өлкесінің өрендері келді. «Абайдың асыл мұрасы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Әнді сүйсең менше сүй», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Сөз өнеріндегі Ұлы Абай бейнесі» аталымдары бойынша бақ сынайтын үміткерлерге оңай болмайын деп тұр. Өйткені, қазылар алқасының талабы жоғары.
ЖАНДОС ӘУБӘКІР, АБАЙ АКАДЕМИЯСЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Сан жағымен де болсын, сапа жағымен де болсын үлкен талаптар қойылады. Өйткені, біз міне қазылар алқасы қаншама жылдар бойы қазылық жасап келе жатырмын. Бұл жерде бір ерекшелік – жаттап келген өлеңдерін кез-келген жерінен ортасынан, аяғынан, басынан әр жерінен біз қойып жатқан кезде балалардың оны жалғастырып әкетуі. Биылғы жылы да сол талап қойылады.
Қатысушылар өзара сайысудан бөлек, Жидебайға да жол тартады. Ал жеңімпаздарды марапаттау 21 маусымда өтеді. Үздік шыққандар Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары және медальдарымен марапатталады. Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының грамоталары мен бағалы сыйлықтары тапсырылады.
Ермек Исабаев