Семей қаласындағы аспалы көпірде ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда көпірдің бір бөлігіндегі асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталған. Жөндеу барысы мен жол қозғалысындағы жаңа шектеулер туралы келесі материалда толығырақ.

Аспалы көпірдің негізгі өткелінің ұзындығы - 750 метр, ал бір қозғалыс жолағының ені -14 метр. Қазіргі уақытта көпірдің бір жағындағы жаңа асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қазір көпірге апаратын жолдарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, алдағы күндері көпірдің бір жолағы арқылы көлік қозғалысы қайта ашылады.

БЕКЖАН БАПЫШЕВ- СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ М. А.
Аспалы көпірімізге дейінгі жолдарды жөндеу үшін техникалық шешім қабылдадық. 600 метр жол жабыны ауыстырылатын болады. Бірер күнде көпірдің үстінен жол қозғалысын ұйымдастыратын боламыз. Келесі кезеңіміз ол көпірдің келесі жолағына өту. Ол жұмыстарды уақытылы, сапалы күйінде орындау үшін күнделікті қадағалау жасайтын боламыз.

Қазіргі уақытта көпірдің жөнделген бөлігіндегі жол жабынының беткі қабаты тегіс, көлік қозғалысы үшін қауіпсіз. Жұмыстар кезең-кезеңімен, белгіленген кестеге және техникалық талаптарға сай жүргізілді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, аспалы көпір арқылы ауыр жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылады. Бұл көпірдің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қажет.

ӘДІЛБЕК УВАСИЛОВ-ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Аспалы көпірдегі жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көпірдің конструкциялық бөліктерінің мерзімінен бұрын тозуына жол бермеу және ерекше маңызға ие нысанды сақтау мақсатында, қолданыстағы заңнама мен талаптарға сәйкес, салмағы 8 тоннадан асатын ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салу туралы шешім қабылданды.

Қала тұрғындары қазіргі шектеулерге түсіністікпен қарауда. Көпірдің екінші жағы жөндеуге жабылған кезде қозғалыс сызбасына өзгерістер енгізілмек. Жөндеу толығымен аяқталғаннан кейін екі жағалауды байланыстыратын қозғалыс қалыпты жағдайға оралады. Айта кету керек, соңғы 25 жыл бойы жөндеу көрмеген көпірдің сыртқы келбеті де айтарлықтай жаңарады.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА