Суға шомылу маусымы басталды. Абай облысында су айдындарында төтенше жағдайлар мамандары алдын алу шараларын күшейтті. Өкінішке орай, демалушылар қарапайым ережелерді сақтай бермейді. Соның салдары кейде қайғылы жағдаймен аяқталып жатады.
Семейде Заря, Пристань және Затон аудандарындағы жағажайда суға түсуге рұқсат етілген. Өткен жылы облыста 17 адам суға батып кетті. Оның негізгі себептері - қауіпсіздік ережелерін сақтамау, тыйым салынған жерлерде шомылу, ересектердің балаларды қадағаламауы, ішімдік ішіп суға түсу. Бүгінде облыста 60-тан аса жерге суға түсуге тиым салынған. Ол жерлерге тыйым салу белгілері орнатылуда. Алайда, оған мән бермейтіндер көп.
АСЫЛБЕК БАЙБУРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ОФИЦЕРІ
«Облыс аумағы бойынша суға түсуге тиым салынған жерлерге арнайы белгілер қойылуда. Бүгінгі таңда 200-ден астам белгі орнатылды. Алайда бізгі белгі қойғанымызбен келесі күні оны жұлып алып тастайды».
Төтенше жағдайлар қызметкерлері үнемі демалушыларға ескерту жасап, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Олар демалушыларға алғашқы медициналық көмек, оқыс оқиға кезінде әрекет ету, адам өмірін сақтап қалу жағын көрсетуде. Су айдындарында тәртіп бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
АСЫЛБЕК БАЙБУРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ОФИЦЕРІ
«Ең маңызды ереже – балаларды қараусыз қалдырмау. Яғни, егер сіздің балаңыз шомылуға барса, қасында ересек адам болғаны жөн. Одан кейін ішімдік ішіп, мас күйінде суға түсуге болмайды. Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 412-бабына сәйкес, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады».
Өңірде 15 жүзу құралы жасақталып, 33 жаяу патрульдеу ұйымдастырылды. Олар ең қауіпті учаскелерді үнемі бақылап, рейд өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
АСЫЛБЕК БАЙБУРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ОФИЦЕРІ
«Облыс аумағында оқыс оқиғаның алдын алуға бағытталған жұмыстар жүруде. Мобильді патрульдеу жүзу құралдарымен жүзеге асады. Бұл мақсатқа 15 жүзу құралы тартылды. Қосымша 33 жаяу патрульдеу ұйымдастырылды. Біздің мобильді бекеттерімізде құтқару кеудешелері, құтқару шеңберлері сияқты құралдарымен жабдықталған».
Төтеншеліктер күнде су айдындарын патрульдейді, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Әлбетте, ережеге құлақ асқанда, шомылу ережелерін сақтағанда ғана оқыс оқиғаның алдын алуға болады.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ, МАЛИКА МҰХТАРОВА, АЯН МҰХТАРҰЛЫ