Бүгін мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған бірқатар қызметші халыққа және мемлекетке адал қызмет етуге, ел заңдарын сақтауға салтанатты түрде ант берді. Рәсім облыс әкімдігінде өтті. Мемлекеттік қызметші анты – бұл халыққа және мемлекетке қызмет ету, Конституция мен заңдарды сақтау, өз міндетін адал атқару жөніндегі салтанатты уәде. Мемлекеттік қызметшілер бұл антты лауазымға тағайындалғаннан кейін немесе сынақ мерзімінен сәтті өткен соң бір ай ішінде береді. Антты тиісті мемлекеттік орган басшысы қабылдайды. Ант мәтіні жазылған бланк қызметкердің жеке ісінде сақталады. Сонымен қатар қызметтік тізімге ант бергені туралы белгі енгізіледі. Абай облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұржан Есенжолов жас мамандарды құттықтап, оларға ақ жол тіледі.
НҰРЖАН ЕСЕНЖОЛОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Еліміздің даму жолында адал еңбек етемін деген жас мемлекеттік қызметшілердің азаматтық ант қабылдау сәті – ұлтқа адал қызмет етуге деген ниеттің, асқақ арман мен үлкен міндеттің бастауы.»
Ант қабылдау рәсімі Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында өтті. Ант бергендердің қатарында 24 жастағы Алдияр Тәкежанов та бар. Жас маман жақында ғана Қарулы Күштер қатарынан оралған. Тәжірибесі шыңдалып, білімі толығып келген Алдияр енді мемлекетке қызмет етуге дайын.
АЛДИЯР ТӘКЕЖАНОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МКД IT БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Келе жатқан мемлекеттік қызметшілер күнімен барлық әріптестерімді құттықтаймын. Баршаға табыс пен өз ісінің кәсіби маманы болуды тілеймін. Бұл мен үшін өте жауапты сәт, себебі мен екінші рет ант беріп отырмын. Бірінші рет әскери борышымды өтеу кезінде ант еттім, ал бұл жолы – мемлекеттік қызметке қабылданған сәтте. Сол себепті, бұл мен үшін өте толқулы әрі маңызды оқиға.»
Мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік басқарудың негізгі әлеуметтік тірегі. Олар – мемлекеттік саясатты қоғамның барлық саласында жүзеге асырушы орган өкілдері. Олардың қызметі азаматтардың қажеттілігін заң аясында қамтамасыз етуге бағытталған.
НҰРГҮЛ САДЫҚОВА