Маусым айының соңында Семейде жаңа автобустар жолға шығатын болады. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли қоғамдық көліктермен танысты. Семейде талай жыл тозып тұрған автобустар паркін жаңарту қолға алынып отыр.
Қоғамдық көлік мәселесі Семейдегі өзекті тақырыптардың бірі. Тұрғындар үнемі автобустардың нашарлығына шағымданады. 2019 жылдан бері жаңартылмаған автобус паркі біртіндеп жаңа автобустармен толығуда. Жыл басында 20 үлкен класты автобус желіге қосылса, бүгін «Авто Транс Семей» ЖШС 44 жаңа автобуспен таныстырды. Олардың барлығы салқындату құрылғыларымен жабдықталған.
БЕРІК УӘЛИ - АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз осыдан тура бір ай бұрын халыққа жасаған үндеуімде біз алдағы уақытта осы автобустардың паркін жаңартамыз деп уәде бергенбіз. Міне, сөзімізде тұрып, бір айдан кейін осы бүгін 44 жаңа автобусты қалаға жібергелі тұрмыз. Абайдың 180 жылдығына орай арнайы алынға автобустар болғаннан кейін ,Абайдың 180 жылдығына арналған логотиптерді жапсырдық. Өзіміздің облысымыздың логотиптерін жабыстырдық.
Облыс әкімі жолаушы тасымалдау саласындағы жүйелі жұмыстың жалғасатынын атап өтті. Қазіргі таңда қалалықтарға 42 бағытта 331 автобус қызмет көрсетеді. 5 тасымалдаушы бар. Әрқайсына автобус паркін жаңарту міндеті қойылған. Ал жаңа 44 автобус жолаушы жиі қатынайтын бағыттарға қосылады.
БЕКЖАН БАПЫШЕВ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ М.А.
Біз бүгінгі күні өзіміз уәде еткендей, маусымның соңына дейін 44 автобусты іске қосамыз маршруттар бойынша. Ол бойынша 4 маршрут іске қосылады. Сондықтан, бізде қала бойынша, үлкен маршруттар бойынша осындай автобустар бүгінгі күні қаланың қызметі үшін, халықтың мүддесі үшін қызмет ететін болады.
Жаңа автобустардың 14 -і шағын және 30 -ы үлкен класты автобустар. Техникалық, заманауи талаптарға сай автобустар Семейде өндірілген.
ЖАЙЫҚ АЙТҚАЛИҰЛЫ -«СЕМАЗ» ЖШС КЕПІЛДІК ЖӘНЕ СЕРВИС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Автобустар 18 орындық, 4 двигательмен өте ыңғайлы автобустар, қалаға қолайлы екі есікті. Абай облысы ғана емес бүкіл Қазақстан бойынша алынып жатқан техникалар».
Жыл соңына дейін жолаушы тасымалдаушы жаңа көліктер қатары тағы да ұлғаяды, 70 жаңа автобус қатарға қосылады деген жоспар бар. Жаңадан алынған 44 автобус №24, №4, №35 және №12 бағыттарда жолаушы тасымалдауға маусым айының соңында кіріспек.