Бәйгеге спорттық сауықтыру кешені, автобус және футбол алаңы сынды салмақты жүлде тігілген алғашқы ауыл спорты ойындары өтті. Облыс әкімінің жүлдесіне арналған жарысқа барлық ауданнан мың жарымға жуық спортшы қатысып, спорттың 16 түрінен бақ сынасты. Биылғы жарыстың жеңімпазы болып Аягөз ауданы танылса, екінші орынға Абай, үшінші орынға Ақсуат ауданы жайғасты.

3 күн бойы облыс орталығын дүбірге толтырған ауыл спорты ойындары алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Облыс әкімінің жүлдесі жолындағы жарыс оңай болған жоқ. Ұлттық спорт түрлері мен командалық ойындардың 16 түрінен бақ сынасқан ауыл спортшылары өз аудандарының намысын барынша қорғады. Шараға қатысқан аймақ басшысы Берік Уәли ауыл спорты –ұлт болашағының қайнар көзі екендігін айта келіп, мақсатымыз – әрбір тұрғынға, әсіресе ауыл балаларына, спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасау екенін айтты.

СНХ БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазіргі таңда Абай облысында тұрғындар игілігі үшін 610 спорт нысаны жұмыс жасайды. Жыл сайын спортпен шұғылданатын азаматтардың саны артып келеді. Біздің мақсат – азаматтарға спортпен шұғылдануда қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаңа спорт нысандарын салу. Соңғы 3 жылда 11 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде тағы 6 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2025–2028 жылдары облыста мұз айдыны, заманауи стадиондар, теннис орталықтары және ауылдық жерлерде спорттық модульдер мен дене шынықтыру залдары салынатын болады.

Бұқаралық спортқа да баса назар аударылып отыр. Бүгінде өңірде 244 мың адам, яғни халықтың 40%-ы спортпен жүйелі түрде айналысады. Тиісті қолдаудың арқасында облыста спорт қарқынды дамып келеді. 2023 жылы - 286, 2024 жылы - 453, ал 2025 жылы 474 спортшымыз ұлттық құрама сапына енді. Облыс спортшылары соңғы жылдары Азия және әлем чемпионаттарында, Әлем кубогында және көшпенділер ойындарында 276 медаль жеңіп алды.

БОЛАТ АҚЖІГІТОВ –ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл додада жеңіске жеткен спортшылар 12-21 қыркүйек аралығында Алматы облысында өтетін 8- ші республикалық ауыл ойындарына жолдама алады. Спорттың 20 түрінен барады. Оның ішінде 12 –і ұлттық спорт түрлері, қалғаны гир, қол күресі, шағын футбол, волейбол, толағайлар сайысы деген сияқты спорт түрінен спорттың 20 түрінен спортшыларымыз республикалық деңгейдегі жарыстарға баратын болады.
СЫМБАТ МОЛДАШЕВА – АЯГӨЗ АУДАНЫ ІШКІ САЯСАТ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, СПОРТ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А
Біздің басты мақсатымыз – ауданға спорт модулін салдыру болды. Сол себептен ауданымыздан спорттың әр саласынан тек мықтыларды жинап, ауданның намысын қорғауға шақырдық. Сол сеніміміз ақталып бүгін жүлделі бірінші орынды алып, бүкіл аудан спортшыларының арқасында ауданның тұрғындары, ауданның жастарынаденсаулықты жақсарту үшін спорт модулі салынатын болды. Өте қатты қуаныштымыз.

Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орын иеленген Ақсуат ауданына футбол алаңы, екінші орын иегері Абай ауданына автобус, жеңімпаз Аягөз ауданына облыс әкімі өз қолымен спорттық-сауықтыру кешенінің сертификатын салтанатты түрде табыс етті.


Ермек Исабаев