Семейлік пара пауэрлифтинг өкілдері республикалық VII спартакиада да топ жарды. Атап айтқанда Андрей Москалёв алтын, Рустам Булумбаев күміс, Камиль Хузиахметов қола медаль жеңіп алды. Намысты жігіттерді жерлестері теміржол вокзалынан қуанышпен қарсы алды.
Қаламыздың дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қуат Исажанов бастаған бір топ спортшы Тараздан Семейге бет алған пойызды күтіп тұр. Қазір бұл пойыздан мойындарына алтын, күміс, қоладан медаль таққан Андрей Москалёв, Рустам Булумбаев, Камиль Хузиахметовтер түспекші. Олар Тараз қаласында өткен тірек-қимыл аппараты, көру органдары зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының VII спартакиадасының жүлдегерлері.
ВАДИМ АЛТАЙБАЕВ - ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Шын мәнінде бұл жолғы жарыс өте қиынға соқты. Барлық қарсыластарымыз жақсы дайындықпен келген. Сондықтан бұл медальдарды оңайлықпен жеңіп алдық деп айта алмаймын. Соған қарамастан жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіспен оралдық.
Алтыннан алқа тағып, абыройлы қайтқан Андрей Москалёв соңғы 10 жылдан бері спорттың осы түрімен тұрақты айналысып келеді. Спорт шеберлігіне үміткер жерлесіміз алғашында спорт залға қызығушылықпен барғам. Арты осылай жеңісті жолға жалғасатынын білмедім деп отыр. Бұған дейін Азия рекордын жаңартып, Әлем кубогін қоса есептегенде 6 алтын, 3 күміске қол жеткізген оның қоржыны тағы бір салмақты жүлдемен толықты.
АНДРЕЙ МОСКАЛЁВ, СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ
Жарыстан жарыс жалғаса беріп, спартакидаға дайындық өте аз болды. Біз негізгі басымдықты Азия чемпионаты мен Әлем Кубогіне бергеміз. Соның салдарынан спартакиадаға демалыссыз бардық десекте болады. Дегенмен, күш-жігер, ынтаның арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын.
Расымен жігер бар жерде жетістік бар. Андрейдің өзі өндірістік жарақаттың салдарынан 1999 жылдан бері көру қабілетінен айрылса да қатардан қалмай өзгелерге үлгі болып жүр. Қазір онымен бірге жаттығу залында мүмкіндігі шектеулі 15 адам жаттығады.
Ермек Исабаев