Бүгін Абай облыстық мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде өңір үшін өзекті саналатын бірқатар мәселе қаралды. Аймақ басшысы Берік Уәли өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндады.
Сессияда сөз алған әкім 2024 жылдың қорытындысында облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштер сақталып, өңірлік өнім көлемі 4,3% өсіммен 3,2 трлн теңгеге жетті деді. Алайда, мақсат – өсу қарқынын одан әрі арттыру екеніне тоқталған өңір басшысы ең бастысы инфрақұрылымның жағдайын жақсарту керектігін айтты.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бірінші мәселе – жылумен қамту. Облыстағы жылу желілерінің тозу деңгейі – 59,4%. Биыл жылыту маусымына дайындыққа Семей, Курчатов, Аягөз қалаларының және Жарма ауданындағы Шуақ ауылының қазандықтарын және жылу желілерін жөндеуге 3,4 млрд теңге бөлінді. Қосымша Үкімет резервінен 4,1 млрд теңге сұратып отырмыз. Қолдау тапса біраз жұмыстарды жүргізуге болады.
Осылай деген Берік Уәлиұлы Мемлекет басшысының 2025 жылы халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасының да жүйелі атқарылып жатқанына тоқталды. Биыл облысымызда осы бағытта жүзеге асатын 26 жобаның арқасында қосымша 28,5 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмек. Бұдан бөлек әкім жол, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы салаларына ерекше назар аударды.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазіргі уақытта жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын, 8 мың тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталған 38 инвестициялық жобадан тұратын Бірыңғай пул қалыптастырылды. Былтыр 14,4 млрд теңгеге 8 жоба іске асырылып, 330 жұмыс орны құрылды. Бүгінге 1 млрд теңгеге «Eastern Gold» ЖШС алтын өндіру фабрикасы салынды, 57 жұмыс орны құрылады деп жоспарлап отырмыз.
Жыл соңына дейін өңірімізде жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Нәтижесінде қосымша 710 жаңа жұмыс орны құрылады. Берік Уәли әкім қызметіне кіріскелі инвестиция тарту мақсатында 50-ден астам шетелдік инвестормен кездескен. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан өндірістік алаңдарға сұраныс көп. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында индустриялық аймақтың аумағын 96 гектардан 600 гектарға дейін кеңейту бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бір Алакөлдің өзінде жыл сайын Қазақстаннан және шетелден он мыңдаған туристер демалады. Осыған орай жаңа бас жоспарды бекіту көзделіп отыр. Жоспар аясында туристік және жағажай аймағы кеңейтілетін болады. Маңызды бағыттардың бірі – кемінде 200 гектар аумақты қамтитын жаңа инвестициялық алаң құру. Алакөлге келушілер саны 20 мыңнан 100 мыңға дейін көтеру жоспарланып отыр.
Депутаттар облыс әкіміне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуына оң баға берді. Олар қысқа мерзім ішінде ұзақ жылдар бойы күрмеуі қиын күрделі мәселелердің оң шешіліп жатқанын айтты.
АЛТАЙ ДЮСУПОВ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Сіздің мына сапардың аясында бұл өңірдің өзекті мәселелері шешіліп жатыр. Барлық қойылған болашаққа қойылған мақсаттарды, тапсырмаларды орындау үшін барлығымыз бірігіп, жұмыс атқару керек. Барлық бастамаларыңызды біз қолдаймыз.
Сессия барысында депутаттар 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі жылдық есепті бекіту мен бюджеттің орындалуы туралы тиісті орган басшыларының баяндамаларын тыңдады. Тиісті қорытындылар шығарды. Сонымен қатар, білім мекемелері басшыларын ротациялау, мектеп асханасындағы ахуал, өтелмеген жалақыға қатысты депутаттық сауалдар жолдады.
Ермек Исабаев