«Бородулиха - өңірдегі аграрлық аймақтың бірі. Облысымызды жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған бұл ауданның орны ерекше». Облыс әкімі Берік Уәли аудан тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Айта кетейік, аймақ басшысының халықпен жүздесуі Бородулихадан басталды. Облыстың әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткішіне, алда атқарылатын жобалардың жай-жапсарына жан – жақты тоқталған Берік Уәли, қордаланған мәселелерді де жіпке тізді. Әсіресе, жарық, ауыз су, жол сияқты мәселелерді шешудің қам-қарекетінен құлаққағыс етті. Берік Уәли облыста кезегін күткен көп мәселе барын ашық айтты. Сондықтан өңірдің әлеуметтік - экономикалық жағдайына жан-жақты талдаулар жасалған. Өзектілері бірінші кезекке қойылды. Сосын Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамытудың жолдары айқындалды. Енді қордаланған мәселелер кезеңімен шешілмек.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әрине, аз уақытта барлық мәселені бірден шешіп тастаймыз деп айту қисынсыз болады. Бірақ сол бағыттағы жұмыстарды жоспарлы түрде жүйелеп, жұмыс жасап жатырмыз. Ол яғни, бірінші кезекте жол, ауыз су, жарықтандыру сияқты проблемалар уақыт күттірмейтін мәселе екені анық. Тозығы жеткен әлеуметтік нысандар, оқушылар үшін орындар тапшылығы, медицина және мәдениет мекемелерінің жай-күйі мен интернет мәселесін бірінші кезекте шешуіміз қажет.
Мемлекет басшысының 2025-жылы халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамту тапсырмасы бар. Облыста су құбырының жалпы ұзындығы үш жарым мың шақырымнан асады. Алайда оның 44,1 пайыз тозып тұр. Биыл 26 жобаны іске асыруға 7,1 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде аудандағы Переменовка ауылында су құбырларын салуға 1,1 млрд. теңге бөлінді. Аудандағы су құбыры желісі 359 шақырымға жуық, оның да 60 пайызы ескірген.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі таңда осы жылу жүйелерінің, құбырларының облысымыз бойынша мерзімі, ауыстыратын мерзімі әлдеқашан келді деп айтуға болады. Сол бағытта қазіргі таңда жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Тозуды азайту мақсатында 22 жобаға құжаттама дайындалды. Оның жалпы ұзындығы 290 километр. Оған 23,2 млрд. теңге қарастырылған. Республикадан қолдау тапқан жағдайда тозу деңгейі 44,1% дан 36,2% - ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз.
Биыл денсаулық сақтау мекемелерін күрделі жөндеуге 2,2 млрд, жабдықтар сатып алуға 6,9 млрд. теңге қарастырылған. Бородулиха аудандық ауруханасының қазандығы мен жылу жүйесі 75,6 млн. теңгеге жөндеуден өтеді. Медициналық құрылғылар алуға 54,6 млн. теңге жұмсалмақ. Зенковка, Белағаш, Новопокровка, Петропавловка ауылдарындағы алғашқы медициналық - санитариялық көмек нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге 415 млн. теңге бөлінген. Өткен жылы 14,1 млрд. теңгеге 62 алғашқы медициналық - санитарлық көмек нысандары салынды. Биыл 3 нысанның құрылысы аяқталады. Десе де, бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Облыс әкімінің айтуынша, ауылдарда әлі де тозығы жеткен, жөндеу көрмеген медициналық ғимараттар бар.
БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз жоспарға кірмей қалған ауылдарға сараптама жүргіздік. Келесі үш жылдыққа аудандағы Андроновка, Песчанка және осы тағы бір ауылда құжаттарын қарастырып жатырмыз, медициналық - санитарлық көмек нысандарын салу бойынша қаражат бөлуді осы үш ауылға Бородулихада жоспарлап отырмыз.
Ауданда биыл 3,5 млрд. теңгеге 2 инвестициялық жоба жоспарланған.
«Красный партизан» серіктестігінде астық сақтау көлемін 28-ден 36 мың тоннаға дейін ұлғайту және «Семей Агро Инвест» ЖШС-де күнбағыс өңдеу және өсімдік майын өндіру цехын ашу. Сондай-ақ, Белағаш, Новопокровка, Шелехово және Бородулиха ауылдарында көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізілді. 3 мың шаршы метр болатын 17 екі пәтерлі үй салынды. Бұл 34 отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ауданды дамытудың бағыты айқын.
АЙДАР ИБРАЕВ, БОРОДУЛИХА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 836 млн. теңгеге 3 жоба іске асырылды. Бұл Успенка ауылындағы медициналық пункт, Аул станциядағы ФАП және Новая Шульба ауылындағы дәрігерлік амбулатория. 2025-жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыстық бюджет есебінен аудандық медициналық ұйымның 4 нысанына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл Белағаш, Новопокровка, Петропавловка және Зенковка ауылдарында.
Өткен аптада ғана «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум ұйымдастырылды. Форумда өңірден шыққан елге танымал тұлғалар, кәсіпкерлер, меценаттар мен жанашыр азаматтар бас қосты. Соның бірі – Ерлан Зайтенов.
ЕРЛАН ЗАЙТЕНОВ, «ЗАЙТЕНОВ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Рақмет мынау инвестициялық форумға шақырғаныңызға. Өте ризамын. Өзіңіз айттыңыз ғой, 50 шақты азаматтар мен меценаттар өзі жұмысын жасайтынын. Қол қойдыңыздар. Соның бәрін естіп. Мен былай қарағанда азаматтар, 35 – 50 жасқа келген азаматтар осы Қазақстанның Қазақстан халқының тұрмысын жақсарамын деп, соны бірінші мына Семейде көріп отырмын. Рақмет, осы абыройыңызбен осындай үлкен – үлкен, жақсы азаматтарды жаныңызға алдыңыз.
Өткен жылы өңірге 575,4 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 76 пайызға жуығы, яғни 436,4 млрд. теңгесі жеке инвестиция. Ендігі мақсат - өсу қарқынын сақтау. Айтпақшы, Берік Уәли 4 айдың ішінде осы ауданға үшінші рет жұмыс сапарымен барды.
ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ